САРБАЗДАРҒА БІЛІМ ГРАНТТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Былтыр әскери борышын өтеген сарбаздарға тегін білім алуға мүмкіндік беретін арнайы пилоттық жоба іске қосылған болатын. Осыдан тура бір жыл бұрын Қорғаныс министрлігі 70-ке жуық ЖОО басшыларымен меморандумға қол қойып, әскери қызметін үздік өткізген сарбаздар үшін жоғары оқу орындары есебінен тегін білім беру жайында келіскен болатын. Бұл мүмкіндік тек Қарулы күштер сарбаздарына ғана емес, басқа да әскери құрамалардың сарбаздарына да берілді. Яғни оларға ҰБТ тапсырмай, грантқа түсуге мүмкіндік жасалды.

Осы орайда, 18 қарашада Шымкент қаласында орналасқан ҚР Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында белгіленген қызмет мерзімін өтеген 2-2022 әскерге шақыру сарбаздарының запасқа шығарылуына байланысты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара аясында 97 мерзімді қызмет сарбазына жоғары оқу орнына тегін негізде оқуға түсу туралы сертификаттар табысталды. Бұл жоба азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және армияның беделін арттыру мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылды.
Іс-шараға әскери бөлімнің басшылығы, ардагерлер, сондай-ақ сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты. Жиын барысында «Сіздердің қызмет кезеңіңізде жауынгерлік сайысты орындау бойынша нәтижелерге қол жеткізілді және күш-жігерлеріңіздің арқасында бөлімнің алдына қойылған барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттер орындалды. Сіздер Отанның ұлттық және қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қостыңыз, барлық жүктелген міндеттерді абыроймен орындадыңыздар» деп атап өтті 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рахпанов.
Білім сертификатының иегерлерінің бірі — Рүстем Шәкенов. Ол – Қарағандының тумасы. Қызметтің 12 айында ол өзін жақсы жағынан көрсетіп, әртүрлі жетістіктері үшін 785 ұпай жинаған. «Бөлімде қызмет өткеру кезінде мен дене шынықтыру, мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша күнделікті сабақтардан өттім және басқа да бағыттар бойынша жақсы нәтижелер көрсеттім. Бұл үшін маған ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берілді» дейді Рүстем. Енді сарбаз алдағы уақытта білімін жалғастырып, маман иесі болмақ. Айта кету керек, мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар осы сертификаттармен ЖОО-ға екі жыл ішінде оқуға түсе алады.