ШАҺАРҒА ҚҰЙЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Елімізде кәсіпкерлік саланың дамуына айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 8 пайыздық жеңілдетілген несие бес жылға дейін беріледі. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтың қатысуымен 2021-2025 жылдарға арналған бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және өңірлік инвестицияларды ұлғайту төңірегінде өткен баспасөз конференцияда мәлім болды.

Баспасөз мәжілісінде спикер кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар және өңірдің инвестициялық ахуалына толық тоқталып өтті. Өз сөзінде «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау – кіші және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарлама. Кәсіпкер үшін 8 пайыздық жеңілдетілген несие бес жылға дейін беріледі. Аталған субсидия экономиканы жоғарылатуға арналған салаларға басымдық береді. Несиенің ең жоғарғы мөлшері 3 млрд теңгені құрайды. Осы ретте, кәсіпкер субсидиялау механизмі аясында өтінім беру арқылы банкке жүгінеді. Ал банк жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігіне кешенді бағалау жүргізеді. Одан кейін банк оң шешім қабылдаған жағдайда кәсіпкерге несие ұсыну бойынша хабарлама жолдайды. Кәсіпкер банк қарастырған оң шешім бойынша «Даму» қорына өтініммен жүгіне алады. Аталған қор оң шешім қабылдаса, кәсіпкер мен банк арасында субсидия ұсыну бойынша үшжақты келісімшарт түзіледі. Кәсіпкер банктен 21,75 пайызбен кредит алады, ал оның 13,75 пайызын «Даму» қоры арқылы субсидиялайды» деді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен қатар жобаның екінші бағыты – ішінара кепілдендіру. Кепілдендіру – әрбір кәсіпкер несие алған кезде кепілдік заттары жетпеген жағдайда жаңадан өз кәсібін бастаған кәсіпкерлерге «Даму» қоры 360 млн теңгеге дейін кепіл бола алады. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін 1 млрд теңгеге дейін кепілдік береді. Бұл — кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік. Бұдан өзге, ұлттық жоба шеңберінде кіші кәсіпкерлер үшін мемлекет жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант ұсынады. Ол мемлекеттік грант 5 млн теңгеге дейін беріледі. Ол үшін кәсіпкер өзінің бизнес жоспарын әзірлейді. Негізігі талап – грант иегері инновациялық жобаны жүзеге асыруы керек. Айта кетейік, бұл грантқа конкурс жылына 2 рет өткізіледі. Биыл бұл бойынша конкурс өткізілмеген.
Шымкент қаласының кәсіпкерлері үшін Ерімбетов көшесінің бойындағы №304 Г мекенжайында орналасқан арнайы фронт-офис құрылған. Онда бизнеске арналған консультация беріледі, бизнеске сүйемелдеу жұмыстары, бизнес-жоспар жазу және жеке, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуден өткізу қызметтері көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламадан бөлек «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы шеңберінде кіші кәсіпорындарды қолдау шарлары жүгізіледі. Нақтырақ айтқанда, тоқтап қалған кәсіпорындардың жұмысын жандандыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлерге дайын өдірістік алаңдар ұсынылады. Қазіргі таңда қала аумағында 3 өндірістік алаң жұмыс істейді. Яғни кәсіпкер бизнеске арналған жобасын жоғарыда аталған фронт-офиске алып барып, тапсырады. Ол өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралады. Бағдарламаның тиімділігі – кәсіпкер ғимарат салғаннан гөрі дайын ғимаратқа шет елден қажетті құралдарын алдырып, жұмысын дереу бастап кете алады. Өндірістік тараптың жалдау ақысын да мемлекет өтеп береді. Кәсіпкерге бірінші жылы 75 пайызын мемлекет тарапы өтеп берсе, екінші жылы 50 пайызын, үшінші жылы 25 пайызын өтейді. Аяқтан тұрып кеткен жағдайда кәсіпкер ары қарай бизнесін ұлғайтуға ұсыныс білдірсе, арнайы индустриалды аймақтардан жер учаскесін де қарастыруға мүмкіндік бар.
Шымкентте инвестиция тарту жұмыстары да қарқынды жүріп келеді. 2023 жылдың 10 айының қорытындысымен үшінші мегаполиске 514,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 122 пайызды құрады. Жалпы биыл 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артады деп күтілуде. Бұдан бөлек, шаһарда 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,8 трлн теңгеге 275 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Онда жаңа 32 мыңнан аса жұмыс орындары ашылады. Оның ішінде, 2023 жылы құны 128 млрд теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 108 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда аталған жобалардың ішінде жалпы құны 45,2 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жоба 1317 жаңа жұмыс орнымен іске асырылды.
2023-2027 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі салаларында 401,5 млрд теңгеге 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 103 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Осы жылы жалпы құны 14,6 млрд теңгеге 413 жаңа жұмыс орнын құрумен 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Бүгінгі таңда 10,7 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылды. Қала аумағында жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Оның 358 млрд теңге сомасына 337 жоба жүзеге асып жатыр. Бүгінгі таңға 216 млрд теңгені құрайтын 273 жоба 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнымен іске асырылды. Қорыта айтқанда, кәсіпкерлік салаға жасалған тиімді бастамалардың арқасында үшінші мегаполистің өнеркәсібі өркендеп, шағын және орта бизнесі қарқынды дамып келеді.