КЕЛЕСТЕ 15 МЫҢҒА ЖУЫҚ КҮЗДІК КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Түркістан облысы әкімдігінің көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалау жөніндегі іс-шара жоспарына сәйкес, 2023 жылдың күз айларында жоспар бойынша Келес ауданына 25 300 дана ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда «Жасыл Желек» КММ-нен 14200 дана ағаш көшеті алынды. Атап айтқанда, можжевельник — 265 дана, туя — 285 дана, қарағаш — 10 000 дана, терек — 300 дана, үйнекі — 3350 дана. Алдағы уақытта 11 100 дана айлант, катальпа, аморфа, терек, үйнекі, можжевельник және туя көшеттері алынады.

Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен жиында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Шірінбеков мәлім етті. Өз сөзінде «Келес ауданындағы ауыл және ауылдық округтерде абаттандыру, үйдің қасбеттерін ретке келтіру және санитарлық-тазалық жұмыстары жоспарға сай іске асуда. Сонымен қатар бүгінге дейін 265 дана можжевельник, 285 дана туя, 10 мыңнан аса қараағаш және 300 дана терек пен 3 350 дана үйнекі ағаштары отырғызылды» деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде аудан басшысы Жәнібек Есенұлы әрбір егілген ағаш көшеттерінің өсуіне ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері жауапты екенін баса айтты. «Ауылдық елді мекендерді аралап, егілген көшеттердің тамыр алуын қадағалаудамыз. Өкінішке орай егілген ағаштарға күтім өз уақытында көрсетілмеуінің нәтижесінде көгермей тұрған көшеттерді көрдік. Бұл сол аумақтың басшысына үлкен сын. Ендігі кезекте егілген ағашқа қажетті күтім көрсетілмесе сол аумаққа жауапты бірінші басшының жауапкершілігін қараймыз» деді аудан әкімі.
Жиын барысында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, аудан аумағын инфрақұрылым жүйелерімен қамту барысы және «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы сынды мәселелер қаралып, түйіткілді мәселелер жөнінде аудан басшысы тарапынан нақты тапсырмалар жүктелді.