АНА ӨЛІМІ ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 48,8 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН
Елімізде денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асқан жұмыс көп. Мәселен, соңғы жылдар ішінде қала аумағындағы бірқатар медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы және өзге де жұмыстар жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков айтып берді. Тарқата баяндайық…
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда Шымкент қаласында 3 мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы, 14 емхана, 15 аурухана, 4 оңалту орталығы, медициналық колледж, ЖИТС орталығы, қан орталығы, залалсыздандыру орталығы, жедел медициналық жәрдем станциясы, бөбектер үйі және диагностикалық орталық қызмет көрсетеді. Қала халқының өсуіне байланысты 2019-2022 жылдар аралығында 12 жаңа емхана ашылған. Бүгінде 2019 жылмен салыстырғанда емханалардың орташа жүктемесі 34 мыңнан 22 мыңға азайса, ауруханалардың төсек орын саны 3376 дан 4383-ке артқан. Нормативке cәйкес емханалардың орташа жүктемесі — 30 мың тұрғын. Денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет көрсететін дәрігерлер саны — 4 974, орта медициналық қызметкерлер саны — 10 697.
Шымкент қаласында халықтың медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі бойынша халыққа сапалы және уақытылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 20 медициналық ұйым аккредиттеуден өткен. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдарды ұлттық аккредитациядан өткізуді 35 пайызға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қалалық диагностикалық орталық дәріханасы GPP стандартына сәйкес сертификатталған. Бүгінде медициналық мекемеде GPS навигациясы базасында аймақтық медбикелердің қызмет көрсету аумағына байланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі де енгізілді.
№1, 3, 7 қалалық емханаларда үздік практика орталықтарын ашу бойынша жол картасы бекітілген болатын. Қазіргі таңда оқыту жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №6 қалалық емханада үздік практика орталығы ашылған. Үздік практиканы енгізудегі мақсат — медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мен халықтың қанағаттану деңгейін көтеру, адам және оның отбасы қажеттілігі төңірегіндегі денсаулық сақтау қызметтерін біріктіру, арыз-шағымдарды төмендету, ұйымдастыру және әдістемелік жұмысты жүргізу, халықтың медициналық сауаттылық деңгейін жоғарылату, науқасты емдеу және аурудың алдын алу процесіне қатыстыру. Жоба негізінде жастар денсаулығына да басымдылық берілмек. Бұл үшін жастар денсаулық орталығы ашылып, жұмысын бастады.
Нақтырағы, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №3 емхана жанынан ашылған «Сұңқар» жастар денсаулық орталығы 10-29 жас аралығындағы қала жастарына көмек көрсетеді. Жастар орталығын ашудың негізгі мақсаты — отбасын жоспарлау мәселелері бойынша жасөспірімдер мен жастарға жоғары білікті медициналық-психологиялық және тегін медициналық-әлеуметтік көмек көрсету арқылы жасөспірімдердің, жастардың денсаулығын сақтау және әлеуметтенуі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету. Орталыққа келушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетіледі. Оның ішінде, отбасын жоспарлау, маскүнемдік пен нашақорлықтың, адамның иммун тапшылығы инфекциясының, эмоционалдық көңіл-күйлерінің, күйзелісті және құлазу жағдайларының, қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі және құқықтық кеңестер беріледі. Бұдан бөлек, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, диагностикалық-кеңес медициналық көмек те көрсетіледі. Аталған орталық жастардың психикалық-әлеуметтік және медициналық проблемаларының анонимді және уақытылы алдын алуға жағдай жасайды.
Тағы бір ауыз толтырып айтар жаңалық ретінде үшінші мегаполисте эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалғанын айтуға болады. Бұл туралы Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков былай деді «Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалған. Қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері 14 жастағы балаға алғаш рет «Эпилепсияның құрылымдық фармакорезистентті формасында VNS орнату» арқылы үлкен күрделі операция жасады. Баланың қазіргі жағдайы бірқалыпты, жақсы. Сондай-ақ 2023 жылғы шілде айында Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясы және 10 LVAD отасы жасалған».
Жетістіктер мұнымен шектелмейді. Шаһарда ана өлімі өткен жылмен салыстырғанда 48,8 пайызға төмендеген. Сонымен қатар Шымкентте өткен жылмен салыстырғанда өлім көрсеткіштері 17 пайызға азайған. Оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 26 пайызға, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 5 пайызға төмендеп отыр. Қорыта айтқанда, үшінші мегаполисте денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Аталған салаға көрсетілер қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.