«БОЗАРЫҚ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкент қаласы инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында көшбасшы саналады. Сәйкесінше, үшінші мегаполисте инвесторларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында қыруар іс қолға алынған. Қала аумағынан индустриалды аймақтар бой көтеруде. Мәселен, қазіргі таңда «Бозарық» индустриалды аймағын инфрақұрылыммен қамту құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған нысанға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Осыған дейін мұнда 14,5 шақырым ауыз су, 6 шақырым газ құбырлары тартылған. Электр қуатымен қамту мақсатында қосалқы станция орнатылып, 8,8 шақырым электр желісі жүргізілген. Мердігерлер автомобиль жолдарының құрылысын да кестеге сай атқаруда. Сондай-ақ қазір кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша арнайы жобалар әзірленуде.
Қала әкімі жауаптыларға кәсіпорындарды сапалы инфрақұрылыммен қамтуды тиісті талаптарға сай орындауды тапсырды. Құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі. 132,9 гектар аймақта жалпы құны 73,9 млрд теңгені құрайтын тамақ өнеркәсібі бойынша 30 жобаның пулы жасақталған. Жобалар 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтиды. Бүгінде 20,7 млрд теңгені құрайтын 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын қамтитын 4 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Бұл кәсіпорындарды 2025-2026 жылдар аралығында іске қосу жоспарланып отыр. Айта кету керек, үшінші мегаполисте шағын және орта бизнес те кең қанат жаюда. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 11,1 пайызға, инвестиция 19,5 пайызға, шағын және орта бизнес субъектілері 26,4 пайызға, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд теңге болады деп жоспарланған.