ЕСКІ НЫСАН ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫП, КӨПТІҢ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ
Шымкент қаласы күн өткен сайын көркейіп келеді. Көптеген жаңа ғимараттар бой көтеріп жатыр. Дегенмен қараусыз қалған ескі ғимараттардың да барын жоққа шығара алмаймыз. Солардың бірі – «Фосфоршылар» мәдениет үйі болатын. Енді аталған нысан жыл соңына дейін қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтпек. Бұл нені білдіреді?
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен өткен есептік кездесуінде өңір тұрғындары «Фосфоршылар» сарайының бүгінгі ахуалын айтып, мәселе көтерген еді. Артынша шаһар басшысы аталған ғимаратқа барып, нысанның жай-күйімен танысты. Нәтижесінде Ғабит Әбдіжәжитұлының тапсырмасымен қалалық прокуратура мен мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бірлесіп, ғимаратты қаланың коммуналдық меншігіне тез арада қабылдау бойынша нақты шаралар қабылданды.
Болашақта нысан қаланың теңгеріміне өтсе, аумағы абаттандырылады. Ескі ғимарат қайта құрылып, көпфункционалды Жастар сарайы болып көптің игілігіне қызмет етпек.
Ж.БАЛАУСА.