ӘЛЕУМЕТТІ ӘБІГЕРГЕ САЛҒАН АУРУДЫҢ ТАРАЛУЫ БӘСЕҢДЕДІ
Соңғы уақытта еліміздің бірқатар өңірлерінде қызылша ауруы өршіп, әлеуметті әбігерге салды. Әсіресе, бүлдіршіндерге ауыр соғатын аталған дертпен күрестің ең тиімді жолы – вакцинация. Сонымен қатар ақ халаттылар да аянбай еңбек етіп, дертке шалдыққан науқастарды емдеп жазуға барын салып-ақ жатыр. Нәтиже де жоқ емес.
Соңғы бір апта ішінде Шымкентте аталған қызылша ауруының таралуы бәсеңдеді. Шаһардағы жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқастардың саны соңғы жеті күнде 37,3 пайызға төмендеген. Қоңырау шалып, көмек сұрайтын азаматтардың да қатары сиреген. Нақтырағы, жедел медициналық жәрдем станциясына қызылшаға күдікті қоңыраулардың түсуі 125-тен 94-ке дейін азайған.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта вакцинацияға қатысты түрлі қауесеттердің жиілегені белгілі. Осы орайда, үшінші мегаполисте медицина саласының мамандары вакцинацияның қажет екенін түсіндіру бойынша 8729 ауланы аралап, 174 дөңгелек үстел ұйымдастырған. Нәтижесінде ата-аналар иммунопрофилактика мәселелері бойынша емханаларға жиі жүгініп, балаларды жоспарлы вакцинациямен қамту көрсеткіші 80 пайызға ұлғайған.
С.НҰРАЙ.