ШЕТЕЛДІК ТУРИСТЕР ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЙ ӨҢІРЛЕРІНЕ ЖИІ БАРАДЫ?
Елімізде туризмді дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда шетелдік туристерді өзіне тартатын көрікті жерлер көп. Тарихи нысандар да жетерлік. Сәйкесінше, жыл өткен сайын еліміздің туристік нысандарын тамашалауға келетіндердің қатары да арта түсуде. Қазақстанда күздің басында шетелдік туристер арасында ең көп баратын қандай қалалар болды?
«E-Qonaq» жүйесінің мәліметтері бойынша, қыркүйекте шетелден келген қонақтар Алматыны жиі таңдаған. Мұндағы туристер саны — 46 431. Одан кейінгі орында 22 761 қонақпен Астана және 8554 туриспен Алматы облысы тұр. Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі шетелден келген қонақтар арасында Атырау, Ақтау және Шымкент сияқты бағыттар да танымал болғанын атап өтті.
Айта кетейік, өткен сейсенбіде үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 3 миллионнан астам қазақстандық ел ішінде саяхат жасағанын, бұл 2022 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 400 мың адамға көп екенін хабарлады. 2023 жылдың соңына дейін ішкі туристер саны 9 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр.