ӨЗБЕКСТАНДА ЭЛЕКТРОМОБИЛЬДЕР ИМПОРТЫ 6 ЕСЕ ӨСТІ

Өзбекстан Кеден комитетінің баспасөз қызметінен мәлімдегендей, биыл қаңтар-қазан айларында Өзбекстан 582,3 млн долларға 22,49 мың электромобиль импорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 679 көлікке артық. Тек соңғы үш айда аталған елге 365,3 млн долларға бағаланған 15,1 мың электромобиль әкелінген.

Ведомство ақпаратына сай, электр көліктерінің негізгі жеткізушісі – Қытай. Оған импорттың 91,7 пайыз үлесі тиесілі болса, екінші орында 5,6 пайызбен Гонконг тұр. Сондай-ақ БАӘ, Оңтүстік Корея, АҚШ және Германиядан да біршама көлік импортталған. Жалпы элктромобильдерге деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, жыл басындағы деректерге сүйенсек, еліміздегі электромобильдер саны айтарлықтай артып, өсім 65 пайызды құрады. Алайда бұл көрсеткіш өте аз, себебі олардың саны 800-ден сәл асады. Яғни электромобильдер отандық автотұрақтардың 0,02 пайызын ғана құрайды.
Биыл жыл басында Қазақстанда аралас жанар-жағармаймен жүретін 322,4 мың жеңіл автокөлік болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға артық. Мұндай автомобильдердің еліміздегі жалпы үлесі 8,2 пайыз шамасында. Көлік жасаушылардың айтуынша, гибридті автомобильдердің ауаны ластау көрсеткіші жоғары. Тәуелсіз топтар жүргізген сынақ растағандай, гибридті типтегі көліктер зертханалық мәліметтерге қарағанда жанар-жағармайды көбірек тұтынады.
Өңірлерге ойыссақ, ең көп электромобиль Алматы қаласында тіркелген. Қазір қалада 420 көлік бар. Ал өткен жылдың басында 43 ғана автокөлік болған. Екінші орында 108 автокөлікпен Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Көшбасшылардың үштігін елорда түйіндеп отыр. Биыл 61 автомобиль тіркелген. Ал бір жыл бұрын 35 болған.