ҰЛЫБРИТАНИЯДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРГЕ ШЕКТЕУ ЕНГІЗІЛЕДІ
Ұлыбританияда әлеуметтік желілерді жүгендейтін жаңа заң қабылданды. Ол негізінен интернет қолданушыларын қауіпті контенттен қорғауға бағытталған. Өйткені телефонға телміргендер арасында өз-өзіне қол салушы жасөспірімдер көбейген. Зиянды контентпен күресудің британиялық үлгісі туралы тарқата баяндайық…
Лондонның 14 жастағы тұрғыны Молли Рассел – әлеуметтік желінің құрбаны. Оқушы ұялы телефонынан көңіл құлазытатын фото мен видео көруге әуестенген. Алгоритмге сәйкес не іздесең, соны ұсынатын платформа оған тиісінше контентті көрсетумен болған. Нәтижесінде оқушы депрессияға түсіп, суицидке барған. Ата-анасы ауыр қазадан кейін әлі ес жия алар емес. «Біз мұндай жағдайға душар болмаумыз керек еді. Бейкүнә балаларды қорғай алмайтын, тек пайдасын ойлайтын платформаларды жүгендейтін уақыт келіп жетті. Олар өскелең ұрпақтың өмірін қиып, ақша жасауды доғарулары қажет» дейді Моллидің әкесі Иан Рассел.
Алты жылға созылған талқылаулардан кейін даулы заң жобасы қабылданды. Оған сәйкес, балаларға қауіпті контент көрсеткені үшін платформалар жауапқа тартылады. Жануарларға қатігездік таныту, есірткі және қару саудасы, терроризмді насихаттайтын фото мен видео өшірілуі керек. Сондай-ақ кәмелет жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерде парақша ашуға тыйым салынады. Хат алмасуға арналған қосымшалар да жіті қадағаланады. «Егер әлеуметтік желілер заңға бағынбаса, қатаң жазаланады. Реттеуші орган олардың әлемдік табысының 10 пайызынан айыруы мүмкін. Компаниялар миллиардтаған стерлинг фунтынан айрылғысы және шығынға батқысы келмейді деп ойлаймын» дейді Ұлыбританияның Ғылым, инновация және технология жөніндегі мемлекеттік хатшысы Мишель Доунлан.
Моллидің өлімі Ұлыбритания тұрғындарын дүр сілкіндірді. Іс қозғалып, сотқа америкалық әлеуметтік желілердің өкілдері шақырылды. Соңғылары ақпараттық мақсатта жүктелген контент еді деп ақталып, кешірім сұраумен шектелді және алдағы уақытта платформаларын қауіпсіз етеміз деп уәде берді. Бірақ миллиондаған интернет пайдаланушылардың жазбаларына бақылау жүргізу мүмкін емес дейді мамандар. «Интернетті реттеуге келгенде жабайы батыс көз алдыңа елестейді. Қауіпсіздікпен қамтамасыз етудің жаңа бір моделі ойлап табылғанның өзінде адамдар оны айналып өтудің амалын табады. Сондықтан қолданушылардың өздері абай болулары керек» дейді Young Minds қайырымдылық ұйымының өкілі Олли Паркер.
Жақында Ұлыбритания үкіметі шенеуніктерге «ТикТок» әлеуметтік желісін пайдалануға тыйым салды. Өйткені қытайлық платформа телефон нөмірлері және геолокация сияқты пайдаланушылардың жеке деректерін сақтап, үшінші тарапқа беруі мүмкін-мыс. АҚШ пен Канада да бұған дейін Қытай билігінен қауіптеніп, осындай шектеулер енгізген болатын.