ЖЫР БОЛҒАН ЖАТАҚХАНА МӘСЕЛЕСІ

министрдің
айтар өз уәжі бар

Жоғары оқуға ақылы негізде оқуға түскен студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету университеттердің міндетіне жатпайды. Ал мемлекет грант ұсынған тегін оқитын студенттерді жатақханамен қамтуға міндеттелген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Ведомство басшысының сөзінше, елімізде 40-50 жылда жиналып қалған жатақхана мәселесі бар. Былтыр тамыз айында 87 мың төсек орын тапшылығы болған. Министрлік аталған мәселені шешу үшін 3 бағытта жұмыс істеп келеді. Бірінші бағыт бойынша субсидия нормативтері толыққанды өзгертіліп, екі есе көтерілді. Соның арқасында мәселені шешу үшін құрылыс компанияларын, мердігерлерді тарту белсенді жүріп жатыр. Бүгінде негізгі тапшылық Алматы мен Астана қалаларында орын алып отыр. Аталған қалаларда шамамен 25 мың орын тапшылығы бар. Өңірлерге ойыссақ, Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында да біз сөз етіп отырған түйткіл шешімін таппаған.
Министрдің айтуынша, жатақхана тапшылығы алдағы 2-3 жылда толыққанды шешіледі. Бұдан бөлек, Саясат Нұрбек ақылы негізде білім алатын студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне қатысты өз ойын былай тарқатты «Ол мәселе былай. Ақылы оқуға түскендерге университет жатақхана ұсынуға міндетті болмауы әділетсіз дегенге келісем. Бірақ мәселеге екі тұрғыдан қарау керек. Жетім балаларды, шалғай ауылдан келген мектеп түлектерін, көпбалалы отбасынан шыққан студенттерді биылдан бастап жеке санат ретінде ескеріп отырмыз. Биыл оларға ай сайын 100 мың теңге төлеп бастадық. Оған пәтер жалдай ма, жатақханадан орын жалдай ма — өздері біледі. Ал негізі жатақханаға қол жеткізудегі әділетсіздік мәселесін жеке сектор арқылы ғана шешуге болады. Мысалы, Түркия, Индонезия сияқты елдер жатақханаларды түгел жеке меншікке берген. Ең тиімді жолы осы болады».

Ж.БАЛАУСА.