ҚАЗАҚСТАНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 98 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨЛІК ҚҰРАЛЫ ШЫҒАРЫЛҒАН

Соңғы уақытта елімізде машина жасау өнеркәсібі өркендеп келеді. Қазірдің өзінде елімізде бірнеше машина құрастыру зауыты жұмыс істейді. Сәйкесінше, уақыт өткен сайын аталған салада серпіліс байқалып келе жатыр. Жуырда Еnergyprom.kz кезекті зерттеу нәтижелерін жариялаған болатын. Көрсеткіштер жаман емес. Тарқатайық…

Зерттеуге сүйенсек, елімізде машина жасау өнім шығару бойынша да, әлеуметтік маңызы жағынан да өңдеу сегментінің локомотивіне айналуда. Мәселен, биыл қаңтар мен тамыз аралығында машина жасаудағы өнім көлемі құндық мәнде 2,6 трлн теңгені құрады. Бұл еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы өнім көлемінің 19 пайызға жуығын және өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің шамамен 9 пайызын құрайды. Республиканың машина жасау өнеркәсібінде өндірілген өнімнің жартысына жуығын қазақстандық автокөлік өнеркәсібі қамтамасыз етеді. Сегіз айда 1,2 трлн теңге, құндық мәнде 66,7 пайызға, нақты мәнде 41,4 пайызға өсті. Салыстырар болсақ, жалпы өңдеу өнеркәсібінде нақты өндіріс өсімі небәрі 3,1 пайызды құрады. Осылайша, автоөнеркәсіп Қазақстандағы шикізаттық емес саланы дамытудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Сонымен қатар машина жасау өңдеу өнеркәсібіндегі қызметкерлер тізімінің 22 пайызын және нақты санының 22,2 пайызын қамтамасыз етеді. Автокөлік өнеркәсібінде биыл екінші тоқсан қорытындысы бойынша, қызметкерлер тізімі 5,7 мың адамды құрады.
Жалпы еліміздегі автокөлік өнеркәсібі өнімінің негізгі көлемі, нақтырағы, 88 пайызы Қостанай облысында және Алматыда шоғырланған. Тиісінше өнім көлемінің құндық мәні 596,6 млрд теңге және 418,8 млрд теңге болып отыр. Тағы 55 млрд теңгені Қарағанды облысындағы, 39,6 млрд теңгені Абай облысындағы, 37,4 млрд теңгені Ақмола облысындағы, 9,1 млрд теңгені басқа өңірдегі өндірушілер қамтамасыз еткен.
2023 жылдың 21 шілдесінде Қазақстанда жаңа мамандандырылған ұйым — «Қазақстан Автокөлік Одағы» ЗТБ құрылған болатын. Бұл коммерциялық емес құрылым барлық негізгі салалық ұйымдарды, атап айтқанда, Автокөлік өндірушілері қауымдастығы, Автокөлік бөлшектерін өндірушілер қауымдастығы, Қоғамдық көлік қауымдастығы, Импорттаушылар қауымдастығы, Дилерлер қауымдастығы, Пайдаланылған автокөліктерді сату қауымдастығы және Автосарапшылар мен аудиторлар қауымдастығын біріктіреді. Аталған қауымдастықтың мақсаттары қазақстандық автокөліктерді тұтынушыларға арзанырақ және қолжетімді ету, автокөлік өнеркәсібін дамыту және шағын және орта бизнестің автокомпоненттер өндірісін автокөлік өнеркәсібіне біріктіру үшін өнеркәсіптік кооперацияны құру, сондай-ақ жалпы индустриалды Қазақстанның дамуына ықпал ету, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмысшыларды күшейту, серіктестермен, бақылаушы органдармен және тиісті құрылымдармен өзара әрекеттесу, өндірушілер, бизнес және қоғам арасында байланыс орнату, автокөлік нарығы туралы уақтылы және ашық ақпарат беру.
Қазіргі таңда қазақстандық автоөндірушілер локализация деңгейін көбейтуге ден қойды. Айталық, «Астана Моторс» компаниясының еншілес компаниясы — Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты шағын түйін әдісімен «Hyundai Accent» және «Tucson» модельдерін шығарады. Ал 2027 жылға қарай шағын түйін өндірісін 100 пайызға жеткізу міндеті тұр. Жалпы көлемі жылына 50 мың автокөлік болмақ. Сонымен қатар локализацияны тереңдету және кластерлік экономиканы дамыту аясында «Астана Моторс» Алматыда мультимедиялық жүйелерді, автоорындықтарды, полиуретанды төсеніштерді, қалқан төсенішті және балшық қалқаны өндіріс кешенін салуда. Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап Алматыда «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» мультибрендті зауытында қытайлық Chery, Haval және Changan маркалы автокөліктерді шығаруды бастау жоспарлануда. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 90 мың автокөлікті құрайды. Бұл ғана емес, «Allur» оңтүстіккореялық «Kia Corporation» өндірушісімен бірлесіп, Қостанайда «Kia» автокөліктерін шығаратын жаңа зауыт салады. Зауыт аумағы 83,5 мың шаршы метрден асады. Жобаға құйылатын инвестиция көлемі 200 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылыс биыл басталды. 2025 жылдың маусымына дейін толық өндірістік циклді іске қосу жоспарлануда.
Локализациялау деңгейiн арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға және сала кәсiпорындарының өндiрiс қуаты мен салық шегерiмдерiн ұлғайтуға әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар ҚР-ның барлық автокөлiктерi үшiн де пайдалы. Атап айтқанда, локализациялаудың арқасында автокөлік бағасы төмендейді. Бұл арада өндірушілер жаңа рекордтар орнатуда. Мәселен, биыл сегіз айда Қазақстанда 97,3 мың көлік құралы шығарылды, оның ішінде 88,5 мыңы — жеңіл автокөлік. Көлік нарығына келетін болсақ, мұндағы көрсеткіштер де өте оптимистік бағытта өрбуде. Биыл сегіз айда қазақстандық дилерлер 120,3 мың көлік сатқан. Сату көлемі бойынша ҚР-да шығарылған жетекші брендтер – «Hyundai», «Chevrolet» және «Kia». «Chery» дилерлері 7 мыңға жуық автокөлік сатты. Осылайша бір жылда көрсеткіш 3,7 есе көбейді. Ең көп сатылатын бес брендтің соңғысы – «Toyota».
Қорыта айтқанда автокөлік өндірісінің дамуынан халықтың ұтары көп. Өйткені бәсеке күшейсе, бағаның арзандайтыны бесенеден белгілі. Бүгінде еліміздегі тозығы жеткен ескі көліктердің көптігін айтып, дабыл қағып жатқандар жетерлік. Ал енді отандық өндіріс өркендеп, тиімді баға саясаты жолға қойылса, аталған олқылықтың орны толуы бек мүмкін. Қош делік, мұны уақыттың еншісіне қалдырайық…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.