ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА NEET САНАТЫНДАҒЫ 3 МЫҢ ЖАС ТЕГІН ОҚУҒА ТҮСТІ
2,1 млн тұрғыны бар Түркістан облысында 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 мың. Бұл көрсеткіш халық санының 30 пайызын құрап отыр. Олардың арасында NEET санатындағылары да бар.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде осы жастарға білім беру, қоғамдық ортаға тарту, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу бойынша әрқайсымен жеке түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың үлесін азайту мақсатында облыстағы жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар биылғы жылдан бастап жаңа форматқа ауыстырылды. Аймақтағы «Жастар ресурстық орталықтарының» мамандары ауылдарды, көшелерді аралап мемлекеттік бағдарламалар мен оқу гранттары туралы ақпарат берді. Жастарды жаңаша істерге шақырды. Нәтижесінде жастарға қатысты 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 38 мың жасты жұмыспен және оқу гранттарымен қамту жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 182 мың жасқа кеңес берілді. Бұл іс әлі де жалғасады.
Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беретін 50 колледж жұмыс атқаруда. Онда 43 мыңға жуық студент қамтылған. Биылғы оқу жылына 71 мамандық бойынша 15350 орынға мемлекеттік тапсырыс жарияланып, ол толық орындалды. Яғни гранттар толық игерілді. Оның ішінде NEET санатында 3000 жас колледждерге тегін оқуға түсті. Олар мемлекеттік тапсырыс аясында білім, бизнес, басқару және құқық саласы, инженерлік, құрылыс және өңдеу саласы, әлеуметтік жұмыс және денсаулық сақтау саласы, гуманитарлық ғылымдар және өнер саласы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық, мал шаруашылығы, қызмет көрсету саласы бойынша білім алып жатыр. 1 қыркүйектен бастап шәкіртақы 21000 теңгеден 32000 теңгеге көтерілді.
Оқуды бітірген түлектерді жұмыспен қамту бойынша тиісті жұмыстар жүйелі атқарылып келеді. Алдағы уақытта жаңа кәсіпорындар ашып, сол арқылы жастарды кәсіптік біліммен қамту көзделуде.