БИЫЛ ЖИНАЛАТЫН АСТЫҚТЫҢ КӨЛЕМІ ІШКІ НАРЫҚТЫ ҰНМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ЖЕТЕ МЕ?

Жуырда еліміздің бірқатар өңірлерінде ұн бағасының қымбаттағаны белгілі. Базардағы бағаның құбылуы әлеуметтің қалтасына ауқымды салмақ салатыны бар. Бұл мәселе алдағы уақытта да жалғаса ма? Астық пен ұн өндіру бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына жататын Қазақстанның әлеуеті қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жуырда жауап берілді. Тарқатайық…

Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, елдің бірқатар астықты өңірлеріндегі ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты қазір бұл мәселе өзекті болып тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тауар өндірушілерді қолдау мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна арзан бағада дизель отыны бөлінді Сонымен қатар қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолданбай, несиелер мен қарыздардың мерзімін ұзартуды жүзеге асырмақ. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қорлары негізінде тұқым қоры қалыптасады.
Өз сөзінде «Агроөндіріс кешенін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл шара ауылшаруашылық өндірушілерін қолдау мақсатында астықты тікелей сатып алуды да көздейді. Өңірлік деңгейде төтенше жағдай режимі жарияланған Жамбыл облысының шаруаларына өтемақы төлеу үшін тиісті жұмыс атқарылып отыр. Бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, ішкі нарықта бидай бағасын тұрақтандыру және «параллельді импорт» әкелуді болдырмау мақсатында 2024 жылдың 11 сәуіріне дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және басқа да үшінші елдерден Қазақстан аумағына теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салу мерзімі ұзартылды» деді Үкімет басшысының орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, биыл жиналатын астықтың көлемі елімізді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті болады.