АШЫҚТЫҚ ПЕН ӘДІЛДІК – ҰТЫМДЫ САЯСАТ, ҰТҚЫР ҰСТАНЫМ
Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп келеді
Күн жылжып, жыл сырғыған сайын әлеуметтің талабы көбейіп, танымы арта түсуде. Бүгінгідей жауапты кезеңде халықтың қақ ортасында жүріп, мәселесімен күрескен басшының ғана беделі биік, абыройы асқақ болмақ. Мұның бәрін тектен-текке айтып отырғанымыз жоқ. Жуырда ғана Шымкент қаласының әкімі ауысқан болатын. Осылайша миллионнан аса халқы бар шаһарға Ғабит Сыздықбеков басшы болып келді.
Жай келген жоқ. Мегаполистің мәселесін айта келді. Қоғам арасындағы жемқорлық сынды жаман індетке аты шырмала жүретін шаһардың түйткілін тап басып, күресетінін, жоюға тырысатынын мәлімдеді. Келгелі өткір сұрақтан жалтарғанын, қышыма пікірден қашқанын көргеніміз жоқ. Бір сөзінде «Мен сізге қазір басынан уәде бере алам – барды бар, жоқты жоқ деп айтамын. Содан кейін дұрыс нәрсені дұрыс деп, мүмкіндігінше, келісетін сұрақ болса, келісеміз. Бірге мәселелерді шешеміз» деген болатын. Бұл сөздің жай айтыла салған жалаң ұран емесін аңғарған тәріздіміз. Күні бүгінге дейін қалаға қарасты аудандарда есеп беру жиындары өтті. Жуырда Қаратау ауданының халқымен кездесті. Жиында аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жайы тарқатылды. Міне, осы жиында қала әкімі аудан әкімдерінің жұмыс істеу тәсілі тиімсіз екенін ашық айтты. Жасыратыны жоқ, бұған дейін билік өкілдері тарапынан көпшіліктің көзге ұрып тұрған мәселелері айтыла бермейтін. Қоғамдағы қымбатшылық пен сапасыз құрылыс жайы сөз болмайтын. Бұл жолы керісінше, бұқараның алдында түйткілді түйіндер ашық ақтарылды. Өз сөзінде Ғабит Сыздықбеков «Халықтың тыныс-тіршілігімен жақыннан танысып, ашық байланыс орнату – Президенттің тікелей тапсырмасы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-мағынасы осында. Яғни, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жұмыс жүйесін өзгертеміз. Енді тиісті мамандар сіздердің күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріңізді біліп, араларыңызда жүріп, мәселелерді бақылайды» деді. Рас, көптің мәселесін кабинетте отырып шешу мүмкін емес. Халықтың бел ортасында жүріп, әлеуметтің жанайқайын тыңдап, уәде берген адам ғана белгілі бір мәселені шешуге білек сыбана кіріседі. Демек қалада қоғамның ғана емес, жергілікті басқарма басшылары мен тиісті сала мамандарының санасына сіңіп қалған ескі сүрлеу, бұрынғы жүйе өзгеруі бек мүмкін. Өйткені бұған шаһар басшысы тікелей мүдделі болып отыр.
Қала әкімінің маңызды мәлімдемесі сөз жүзінде қалып қойған жоқ. Жуырда Ғабит Сыздықбековтың біріңғай қоғамдық қабылдауы өтті. Жүздеген адам жиналған жиын түннің жарымына дейін жалғасты. Шаһар басшысынан бөлек аталған кездесуге әкім орынбасарлары, департамент басшылары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және тиісті мамандар да қатысып, бұқараның базынасына құлақ асты. Осының өзі бүгінгі әкімнің уақыт пен жұмыс кестесін ысырып қойып, әлеуметтің мәселесін шешуге ынты-шынтасымен кіріскенін айғақтаса керек. Бұл ғана емес, мегаполис басшысы келгелі қалаға қарасты шағынаудандар мен тұрғын алабтарға арнайы барып, мәселе көтерген тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып жүр. Демек мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде орындауға барын салып-ақ жатыр.
Сонымен қатар қаладағы зиялы қауыммен, БАҚ өкілдерімен де кездесу өткізді. Онда да көпті алаңдатқан ашық сауалдар батыл қойылып жатыр. Оның бәрін ашық тыңдап, көңіл бөлген мегаполис басшысы тиісті сала басқармаларына тапсырмалар беріп, мәселенің оң шешілуін қадағалап отырғанын да бір емес бірнеше рет көрдік. Ғабит Сыздықбеков БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде «Мен өз қызметімде объективті, конструктивті пікірлерге ашықпын. Сіздер халық үшін еңбек етіп жүрсіздер. Шығармашылық қызметтеріңіз жоғары бағаға лайық деп білеміз. Бәріміз де — осы елдің азаматы, осы халықтың перзентіміз. Олай болса, баршаңызды еліміздің дамуы, қаламыздың көркеюі жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырамын» деген болатын. Соңғы уақытта кінәнің бәрін қатардағы қарапайым қызметшіге жауып, нәтижелі жұмысты атына телитін азаматтардың саны артып бара жатқаны жасырын емес. Ал енді ортақ мүдде, басты мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге деген ұмтылыс – ұтымды саясат, ұтқыр ұстаным.
Қош делік, Шымкент қаласы әкімінің ауысқанына көп бола қойған жоқ. Әйтсе де әлеумет арасындағы әңгімелерге қарап-ақ жұмыс істеуге белсене кіріскенін аңғаруға болатын тәрізді. Қолға алынған бастамалардың жүзеге қалай асарын уақыт көрсетер. Әзірге аяқ алысы аймақтағы ағайынның көңілінен шыққан тәрізді. Дәл осы қалыпта жалғасады деп сенеміз. Лайым солай болғай!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.