АЙДЫН КӘРІМОВ КІМ?
Жуырда ғана Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Айдын Кәрімовтың сөзі мен ісі турасында оң пікірлер айтылып жатыр. Осындайда жауапты кадрдың қайда жұмыс істегені, нені меңгергені турасында тарқата жазуды жөн санадық.
Жуырда бірлескен комиссия отырысында қалалық мәслихат депутаттары спорт саласына бөлінер бюджет қаржысына қарсылық танытып, кері қайтарған болатын. Жасыратыны жоқ, аты бар да, заты жоқ бастамалардың кесірінен қазынаның қаржысы желге ұшып келе жатыр. Осы орайда, жаңадан тағайындалған қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов бюджетті қалдырып, мәслихат депутаттарынан 20 күн уақыт сұраған еді. Демек келесі жылдың бюджетінде бірқатар өзгерістер орын алмақ. Ал енді су жаңа кадрдың бюджетті екшеп, ептеп, тиімді бастамаларға қаржы бөлдіруге қарым-қабілеті жете ме? Әлде көптің алдында бедел жинаудың қамы ма? Саралап көрейік.
Айдын Кәрімовтың өмір жолына қарасақ, 1988 жылы Семейде туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономика академиясын, М.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетін тәмамдаған. Түрлі жылдары ҚР ТЖМ «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінде, ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінде, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде жоғары лауазымдарда жұмыс істеген. Соңғы жылдары Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары ретінде де жемісті еңбек етті. «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, өзге де медаль және алғыс хаттармен марапатталған.
Қош делік, Айдын Мейрамбекұлының бюджетті шемішкеше шағатынын еңбек жолына қарап-ақ білуге болады. Мақсатсыз, жөн-жосықсыз жұмсалатын қаржыны қысқартып, игілігі мол бастамалардың жүзеге асуына мұрындық болады деп сенеміз. Бүгінгідей қысылтаяң сәтте қазына қаржысының тиынына дейін тиімді жұмсалуын қадағаласа, жергілікті жұрттың алғысына бөленері анық. Ендеше сенім мол, үміт жоғары. Жас та болса бас бола білген кадрдан қоғамның күтері көп!
Ж.БАЛАУСА.