ОҚУШЫҒА ҚАЖЕТ КЕҢСЕ ЗАТТАРЫ 64 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАДЫ

Жыл сайын жаңа оқу жылы жақындаған уақытта ата-аналардың әбігерге түсетіні анық. Өйткені баланы мектепке дайындауға қомақты қаражат керек. Қала берді, тамызда киім-кешектен бастап оқу құралдарына дейін қымбаттайтыны бесенеден белгілі. Мемлекет тарапынан тұрмысы төмен отбасыларға берілетін көмектің өзі базардағы бағаның құбылуына әсер етеді.

Биыл да бұл үрдістен айналып өте алмаймыз. Жуырда Ұлттық статистика бюросы кеңсе тауарларының бағасы бір жылда қалай құбылғаны турасында мәлімет ұсынды. Қарап отырсақ, биылғы баға былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге жоғары. Нақтырағы, кеңсе тауарларының бағасы 2023 жылдың шілдесінде 64,4 пайызға қымбаттап шыға келген. Оның ішінде мектепке қажет дәптердің бағасы 77,2 пайызға, қалам 38,6 пайызға, түрлі-түсті қарындаштар 41,9 пайызға, сурет дәптері 44,4 пайызға көтерілген.
Қош делік, мұның маусымдық қымбатшылық екені анық. Өйткені бала біткен мектепке барғаннан кейін баға бастапқы қалпына келеді. Осы тұста көптің көкейінде маңызды сауалдың туындайтыны анық. Жауапты сала басшылары базардағы бағаны реттеуге неге құлықсыз? Қымбатшылық қысқан халықтың бала-шағасына қажет сөмке мен керек оқу құралдарын әперері анық. Біз сонда кімді жарылқап отырмыз? Ата-ананы ма әлде алып-сатарларды ма? Жауабы айтпаса да белгілі сияқты…

Ж.БАЛАУСА.