АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНДІРІСІНЕ ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ

әйткенмен шетелдік
фермерлерді байытып отырған өңірлер де бар…

Азық-түлік қауіпсіздігі турасында газетіміздің бұған дейінгі сандарында тарқата жазған едік. Арада біраз уақыт өтті. Еліміздегі жағдай өзгерді ме? Әлде шетелдік өндірушілерді жарылқап, ішкі нарықты импортқа босатып беру жалғасып жатыр ма? Жауапты министрліктер қолға алған шаралардың нәтижелерін қашан көреміз? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты талдап, атқарылған жұмыстарды ашып көрсетуге тырысамыз. Тарқатайық…

Азық-түлік өндірісін арттыру мен отандық өнімнің әлеуетін көтеру бағытында бірқатар бастамалар қолға алынып жатыр. Оның ішінде инвестиция тарту ісінің маңызы айрықша. Ресми деректерге сүйенсек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында азық-түлік өндірісі саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 62,5 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 15,9 пайызға артық. Инфляцияны ескергенде нақты өсім 13,4 пайыз шамасында болып отыр. Осы тұста айта кетерлігі, былтырғы сәйкес кезеңде сектордағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі құндық мәнде бірден 24,3 пайызға ұлғайып, 53,9 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Finprom.kz зерттеуінде көрсетілген.
Облыстардың инвестиция тарту көрсеткішіне ойыссақ, көшбасшы өңір – Алматы облысы. Мұнда жалпы азық-түлік өндірісі саласына 15,6 млрд теңге қаржы тартылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3 есе артық. Алғашқы бестікке 14,4 млрд теңгемен Солтүстік Қазақстан, 5,1 млрд теңгемен Ақмола, 4,5 млрд теңгемен Түркістан және 4,1 млрд теңгемен Шығыс Қазақстан облыстары да кірді. Ал ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысына тиесілі. Мұнда салаға бар болғаны 27,9 млн теңгенің инвестициясы тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,1 пайызға аз.
Бір қызығы, Атырау облысы азық-түліктің 70 пайызына дейінін импорттайды. Тауарлар негізінен Ресейдің жақын өңірлерінен әкелінеді. Осылайша, өңір шетелдік фермерлерді байытып отыр. Ал жалпы алғанда аталған облыстың ауыл шаруашылығын, тамақ және балық өнеркәсібін дамыту бойынша әлеуеті жоғары. Сәйкесінше, өңір көлемінде арнайы бағдарлама дайындау қажеттілігі тағы бар. Дегенмен бұл іске білек сыбана кірісе кететін инвестор болмай тұр. Өйткені 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Атырау облысында азық-түлік өндірісі саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі небәрі 33,9 млн теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 74,6 пайызға аз. Жалпы республика бойынша салаға тартылған инвестициялық портфельдің жартысы, нақтырағы, 52,7 пайызы компаниялардың өз қаражаты есебінен қамтамасыз етілген. Мұндай инвестиция көлемі бір жылда 11,6 пайызға өсіп, 32,9 млрд теңгеге жетті. Бұдан бөлек, банк несиелері арқылы салынған инвестиция 16,3 пайызға немесе 17,8 млрд теңгеге дейін қысқарды. Ал банктік емес қарыздар арқылы салынған инвестиция бір жылда 3,8 есеге, яғни 11,7 млрд теңгеге дейін өсті.
Қазір Қазақстанды негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жағдайы біркелкі емес. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында елдің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі кейбір өнімдер бойынша 90 пайыздан 100 пайызға дейін болды. Бұл өнімдерге қой мен ешкі еті, бидай наны, бидай ұны, жылқы еті, ірі қара мал еті, айран, сүт, кілегей, тұз, күріш және шошқа еті кірді. Олар жақсы деңгейде өндіріліп, сұранысты толық немесе толықтай дерлік қамтамасыз ете алады. Әйткенмен кейбір санаттар бойынша өндіріс қосымша қолдауды қажет етеді. Өйткені бұл өнімдерде өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі біршама төмен. Олардың қатарына қарақұмық, тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы, сары май, макарон өнімдері және құс еті жатады. Бұл санаттардағы өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 73,5 пайыздан 85,1 пайызға дейін болды. Демек мұндай өнімдердің өндірісін арттыруға айрықша мән берген жөн. Әсіресе, ірімшік пен сүзбе нарығына, сондай-ақ қантқа назар аудару керек. Биыл қаңтар-мамырда аталған санаттар бойынша импорт айтарлықтай үлесті құрады. Мәселен, республикада ірімшік пен сүзбенің 54,3 пайызы, қанттың тек 44,2 пайызы ғана өндірілді. Бұл шетелдік жеткізушілерге тәуелділікті көрсетеді және өзін-өзі қамтамасыз ету мен нарықтың тұрақтылығын арттыру үшін осы өнімдердің отандық өндірісін дамытуды талап етеді. Осылайша, негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жағдайына шолу көрсеткендей, кейбір өңірлерде өзін-өзі қамтамасыз ету жақсы болғанымен, басқаларында отандық өндірісті арттыруға күш салу қажет. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің дамуы – азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.
Қорыта айтсақ, азық-түлік өндірісі саласына тартылып жатқан инвестиция көлемі әр өңірде әртүрлі. Сәйкесінше, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға көңіл бөліп, қыруар іс атқарып жатқандар да, сонымен қатар импортқа иек артып отырғандар да жеткілікті. Бұл – көкейтесті мәселе. Мұны тез арада шешу қажет-ақ. Өйткені әлемдік геосаяси жағдай тұрақсыз. Мұндай жағдайда жатқа сенім артуға әсте болмайды. Бүгінгі нарық ертең-ақ өзгеруі бек мүмкін. Сондықтан ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңадан ашылған нарықтарға өнімдерімізді жіберіп жатсақ, ұтарымыз көп. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түсінін айтсақ, іске мықтап кірісетін кез келді…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.