ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕК ШЫҒАРУ АЗАЙЫП, БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАҒАН
Газетіміздің бұған дейінгі сандарында фармацевтика саласының әлеуеті турасында тарқата жазған едік. Статистикалық деректерге сүйенсек, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі айтарлықтай аз. Бір сөзбен айтқанда, шеттен келетін өнімдерге кіріптармыз. Арада көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де еліміздегі фармацевтикалық препараттар өндірісі 36 пайызға қысқарып отыр.
Нақты көрсеткіштерге сүйенсек, 2023 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстанда 72,7 млрд теңгенің дәрісі өндірілді. Өткен жылғы жарты жылда өндіріс көлемі 0,9 пайызға артық болған. Бұдан бөлек, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында фармацевтикалық препараттар өндірісінің көлемі 5,3 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға аз.
Жалпы Қазақстанда фармацевтикалық өнімдер және препараттар өндірісімен 12 кәсіпорын айналысады. Өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 2023 жылдың маусым айында фармацевтика препараттары 11,4 пайызға қымбаттағанын да тілге тиек ете кету керек. Қорыта айтқанда, импортқа тәуелділіктен жуық арада құтылмаймыз. Демек ішкі нарықтағы бағаны шетелдік ойыншылар белгілей береді.
«Уақыт».