ЖЫЛДАМДЫҚТЫ АРТТЫРУ БОЙЫНША 1,6 МИЛЛИОН АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН

Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында жолда жүру жылдамдығын белгіленген ережеден асырғаны үшін жүргізушілерге 1,6 миллион әкімшілік айыппұл салынған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға немесе 450,5 мың бірлікке көп.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мұндай көрсеткіш соңғы он жылда болмағанын хабарлады.
Жолда жүру ережесі бойынша заң талаптары қатаң болғанмен оған бағынбай, ережені бұзатын жүргізушілер 2018 жылдан бастап тұрақты өсу динамикасын көрсетуде.
Бүгінде жүргізушілерге салынған айыппұлдарды өндіру көрсеткіші 78 пайызды құрайды. Тиісті ведомства айыппұлдарды өндіру ісінде ілгерілеу байқалатынын алға тартады. Мысалы, он жыл бұрын айыппұлды өндіру көлемі 50 пайызға да жетпейтін.
Бірақ айыппұлды өндіру ісінен де маңызды фактор бар. Ол – адамның өмірі мен денсаулығы. Жылдамдықты арттыру миллиондаған жүргізушінің қалтасын қағып, бюджет бүйірін ұлғайтқанмен, талай отбасын қара жамылдыртып отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегінше елімізде жыл сайын 2500-ге жуық адам жол-көлік оқиғаларынан қаза табады. Сонымен қатар 19 мыңнан астам адам жарақаттанады. Сала мамандары жол-көлік оқиғаларының болуына көп жағдайда адами фактор себеп екенін айтады. Құқық қорғау органы жылдамдықты арттыру қара жолдағы адам қазасын жиілетіп жатқанын атап өтеді.