БҰҰ: ҚҰРАН ӨРТЕГЕНДЕРДІ ЖАУАПҚА ТАРТУ ҚАЖЕТ
Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Құран өртеуді айыптайтын қарар қабылдады. Ұйым қабылдаған қарарда «Адам құқықтары жөніндегі кеңес Қасиетті Құранды аяққа таптайтын қасақана әрекеттерді қатаң айыптап, діни араздық туғызғандарды жауапқа тарту қажет деп есептейді» деп жазылған.
Өткен аптада Қазақстан бұл құжатқа тең автор ретінде қосылды. Қазақстан мемлекетінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропаның бірқатар елінде Құранды өртеу жағдайларын арандатушылық әрекет деп айыптаған еді. Мемлекет басшысы «Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді» деген болатын.
Әлемдік ұйымның бұл бастамасын Қазақстаннан бөлек 47 мемлекет қолдады. Қарарды қабылдауға қарсы болған елдердің қатарында АҚШ пен Ұлыбритания бар. Аталған елдер қарарды қабылдау адам құқықтары мен сөз еркіндігі қағидаларына қайшы келумен тең деп түсіндірген.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің мұндай мазмұндағы қарарды қабылдауына осы жылдың қаңтарында Швецияда болған оқиға негіз болды. Айта кетсек, ел астанасы Стокгольмдегі түрік елшілігі жанында «Қатаң курс» ультраоңшыл партиясының жетекшісі Расмус Палудан Құранды өртеген. Бұл әрекетін ол көп ұзамай екінші рет Копенгагендегі мешіттің қасында да қайталаған. Және мұндай әрекетке тағы да баратынын жоспарлап отырғанын ашық мәлімдеген.
Өз кезегінде мұсылман елдері бұл оқиғаны сынаған.