ШИКІЗАТТЫ ШЕТКЕ ШЫҒАРЫП, ДАЙЫН ӨНІМДІ САТЫП АЛАМЫЗ
Қазақстанның негізгі сауда серіктестері кімдер?
Соңғы уақытта әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалар логистикалық тізбекке орасан зор зардабын тигізді. Дегенмен Қазақстан үшін жаңа нарықтардың ашылғаны да белгілі. Мұны еліміз пайдалана алды ма? Отандық өнімдер негізінен қай елге экспортталып жатыр? Импорттың көлемі қандай? Тарқатайық…
Зерттеулерге сүйенсек, 2023 жылғы қаңтар-мамырда еліміздің тауар айналымы 55,7 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 8%-ға артық. Оның ішінде экспорт көлемі 31,5 млрд долларды құраса, импорт 24,2 млрд доллар болып отыр. Экспортқа ойыссақ, жалпы шетке шыққан тауарлардың 19,8 пайызы Италияға, 15,4 пайызы Қытайға, 12,8 пайызы Ресейге, 6,5 пайызы Корея Республикасына, 6,5 пайызы Нидерландқа, 5,2 пайызы Түркияға жіберілген. Экспортталатын негізгі тауарлар — шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері, тазартылған мыс және өңделмеген мыс қорытпалары, кендер мен мыс концентраттары және ферроқорытпалар.
Импортқа келсек, негізгі сауда серіктесіміз – Ресей. Бұл елге жалпы импорттық тауарлардың 26,7 пайызы тиесілі. Одан кейінгі орындарға 24,2 пайызбен Қытай, 5,1 пайызбен Германия, 4,7 пайызбен АҚШ, 3,9 пайызбен Корея Республикасы, 3,7 пайызбен Түркия жайғасқан. Қазақстанға шеттен келетін тауарлардың көш басында автомобильдер, телефон аппараттары, шанақтар мен кабиналар және дәрілік заттар тұр.
С.НҰРАЙ.