ЕЛІМІЗДЕ 700 МЫҢ АДАМ «БОЛАШАҒЫ ЖОҚ» АУЫЛДА ТҰРАДЫ

Елімізде 6322 ауыл бар. Соның ішінде 2,8 мың  ауылдың болашағы жоқ. Бұл туралы  еліміздің Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Оның сөзінше «болашағы жоқ» ден танылған ауылдарда 700 мың адам тіршілік етеді. Бұл жалпы ауыл тұрғындарының 10 пайызын құрайды. Осыдан екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 1 миллионға жуық тұрғын болған. Сонымен қатар екі жыл бұрын ауыл тұрғындарының саны 7,7 миллион еді. Жыл сайын бұл сан азайып барады. Тиісті ведомства 2025 жылға қарай ауыл халқының саны 38 пайызға дейін азаятыны туралы болжам жасап отыр. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 42 пайызды көрсетеді.
Айта кетейік, елімізде тұрғыны 50 адамнан кем елді мекендер «болашағы жоқ» деп танылады. Қазақстанда дәл осындай критериймен болашағы жоқ деп танылған ауылдардың басым бөлігі Қызылорда, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше 2012-2019 жылдары 500-ге жуық ауыл жойылған.
Салыстырмалы түрде айта кетсек, көрші Ресей елінде «болашағы жоқ ауыл» деген тіркес мүлдем жоқ екен. Есесіне ол елде демографиялық картамен жұмыс жасау жақсы жолға қойылған. Соның негізінде демографиялық көрсеткіш бойынша тұрғындар саны азайып бара жатқан елді мекендерге өзге елден көшіп келгендерді орналастыру ісі жүйелі жүзеге асырылады.
Естеріңізде болса, өткен айда Үкімет сағатында мәжіліс депутаты Ринат Зайытов болашағы жоқ ауылдар туралы баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа қарата бүй деген еді.
«Бұл тіркес қайдан шықты? Оның өзі министрліктің жұмысын дискредитациялау, сол ауылда тұрып жатқан халықты дискриминациялау деп ойлайсыз ба? Егер «болашағы жоқ» ауылдарға министрлік болашақ әкеліп бере алмайтын болса, онда ол ведомствоның кәсіби біліктілігі туралы сұрақ көтерілуі керек сияқты», — деген.
Бірақ айтылған сыннан нәтиже шығарған билік жоқ. Себебі, өткен аптада Абай облысы, Аягөз ауданына қарасты екі ауылды тарату туралы құжат көпшілік талқылауына ұсынылды.