ИНТЕРНЕТТІ ҮНЕМДЕУДІ ҮЙРЕНЕЙІК!

ал оның игілігін көре алмай жүргендердің мәселесін қайда қоямыз?

Жаңа Қазақстанға аяқ басқанымыз қашан… Бірақ бұл жәй сөз бе деп қаласың. Себебі көп мәселелерде оң өзгерісті сезініп, өрге басып жатқанымызды байқай алмай келе жатырмыз. Соның бірі – сапасыз интернет. Осыдан біраз бұрын, дәлірегі, 2021 жылы еліміз әлемдегі интернет арзан ТОП 5 елдің қатарында деп сүйіншілеген едік. Бірақ арзан болғанмен, сапасы сын көтермейтіні анық.

Бұдан тиісті ведомства хабардар. Олқылықты реттеу үшін еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі қолдан келгеннің бәрін жасайтынын, тіпті ғаламтор сигналы әлсіз байланыс операторлары интернеттің сапасын көтермесе айыппұл төлеп әлекке түсетінін жеткізген. Содан бері екі жылдан аса уақыт өтті. Бірақ нақты нәтиженің болмағанын уақытты өзі көрсетіп отыр. Алайда халыққа берген уәдеге берік болмағанға беті қызарған лауазымды басшыны көріп отырған жоқпыз.
Күні кеше еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин журналистерге берген комментарийінде азаматтарды интернетті үнемдеуге шақырды. Айына 15-20 гигабайт тұтынуға үйреніп қалған қазақстандықтардан үнемдеу мәдениетін үйренуді сұранды. Сонымен қатар ол, Астана қаласы интернет жылдамдығы бойынша технологиясы дамыған Токионы басып озғанын айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Ал елорда тұрғындарының интернет жылдамдығына қатысты арыз-шағымдары туралы министр «Қалыптасқан ахуалға байланысты жыл соңына дейін байланыс операторларына 4 млрд теңге айыппұл салынады»,- деп бұрынғы әуеніне қайта түсті.
Министрдің «Астана қаласы интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып озды» деген мәлімдемесі былайғы жұрттың күлкісін келтірді. Естеріңізде болса, 2021 жылдың ақпан айында еліміздің сол кездегі Үкімет басшысы Асқар Мамин дәл осы Бағдат Мусиндей елді таң қалдырған еді. Өз кезегінде Мамин Алматыда өткен цифрлық «Digital Almaty 2021» халықаралық форумында Қазақстан халқының интернетпен қамтылу көрсеткіші 99 процентке жеткенін нық сеніммен айтқан болатын. Асқар Маминнің осы дерекке қаншалықты сенетіні тек өзіне ғана аян. Бірақ сол кездегі Үкімет басшысының бұл мәлімдемесіне былайғы жұрт ернін сылп еткізгені анық.
Бүгінде елімізде интернетпен қамтылмай жатқандар жетерлік. Ал интернетке қол жеткізгендердің дерті сапаның сын көтермейтіні. Бірақ салаға жауапты ведомства басшысы Бағдат Мусин интернеттің сапасыз болуы арзан тарифтер мен халықтың белсенді пайдалануында екенін алға тартады. Оның сөзінше біздің елде адамдар желіге жүктелген видеоның бәрін ашып, тамашалап отырады. Ал шетелдіктер мұндай дағдыдан ада. Олар тек өздеріне қажетті контенттерді көреді екен.
C.НҰРАЙ