ҚАРЫЗ АСТЫНДА ҚАЛУДАН РЕКОРД ЖАҢАРТТЫҚ

Өткен айда елімізде 2,5 млн қазақстандық банктерден несие рәсімдеген. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Яғни, қарыз алудан қазақстандықтар рекорд жаңартты. Экономистер халықтың банктен несие рәсімдеуінің дәл бұлай кең етек алуы жақсы үрдіс емес екенін айтып, дабыл қағуда. 

Атап айтқанда, тиісті өтінім бойынша адамдарға берілген несиенің жалпы көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеден асқан. Кепілсіз тұтынушылық кредит алушылардың берешегі 800 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар барлығы 130 млрд теңгеге автонесие рәсімделсе, ипотекалық қарыз көлемі 15 млн-нан асқан.
Былтыр Қазақстан ай сайынғы табысының тең жартысын ас-ауқатта жұмсайтын ел ретінде Еуропа арасында бірінші орынға шыққан. Енді табыстың көп бөлігін несие жабуға жұмсайтын елге айналмасақ игі еді.
Елімізде еңбекке қабілетті 9 млн-нан аса халық бар болса, соның ішінде 7 миллионнан аса адам қарыз астында отыр. Олардың көбі бір емес бірнеше қарызды жауып әлек.
«Уақыт».