Қайрат Балабиев, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Халықтың сеніміне лайық болу — менің асқақ арманым

Қайрат Балабиев, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: Халықтың сеніміне лайық болу — менің асқақ арманым

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деген Абай хакім адамзатты бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырған. Бүкіл бабаларымыз адалдық пен әділдікті өсиет еткен. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұлттық бренд, идеология, тарих, сана, мәдениет, тәрбие, жалпы ұлттық құндылықтар мен креативті индустрия, саяси талдау, сараптау, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік қызметкерлерді адалдық пен әділдікке жетелейтін қасиеттер мен істерге кеңінен тоқталды. Түсінгенге әділетті әрі адал қоғам жайында терең мағыналы ой айтты.

«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Астанада алғаш рет әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумы өткені мәлім. Келелі кеңестің мәнісі тіпті аудандық деңгейдегі депутаттардың имиджін қалыптастыру, сай-лаушылармен байланыс орнату, уәделерді орындау сияқты жұмыстар бүгешүгесіне шейін талқыланды. Әйтпесе, бұрын сайлау алдында алашапқын болып, кейін ауылға ат ізін салмайтындар да болған. Тұрғындарға төбе көрсетпейтін әкімдер де бар. Мәселесін шешетін, шағымын тыңдайтын не әкім, не депутатын таппаған соң, халық көшеге, әлеуметтік желіге, тіпті халықаралық ұйымдарға шығып кетті. Заман өзгеріп, өзгергенді көз көріп жатыр. Орнында бар оңалар, енді. Форумның мақсаты Президент айтқандай халыққа адал қызмет етіп, әділетті Қазақстан орнатуға күш салу еді.
Мәжіліс Төрағасы, Партия Төрағасы Ерлан Қошанов: «Біздің – мақсатымыз айқын. Ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру. Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Өткен жылы партияның сьезінде Мемлекет басшысы: «Мәслихат депутатының төсбелгісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек» деген еді.
Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек өтті. Партия қатарында барлар да, жоқтар да сайлауға түсе алды. Мен де сайлаушылар сенім артып, бірмандатты округтен сайланған депутатпын. Мінбер жоғарылаған сайын міндет көбейе түседі. Мәжіліс мандаты міндетті жауапкершілікті арттырады. Өйткені тек мәселе көтеріп қоймай, ел үшін маңызды құжаттардың қабылдануына атсалысады. Айналасы 3 айда Үкіметке 12 депутаттық сауал жолдадым. Көпшілікпен алғашқы сессияда істеген жұмыстың есебімен бөлісуді жөн санадым.
Түркістан еліміздің ірі облыстарының бірі. Жер көлемі жөнінен сай келмесе де, тұрғындар саны жағынан асып түседі. «Көптің уайымы – көп, аздың уайымы – аз» дегендей, бұқараның саны артқан сайын өзекті мәселелері де көбейіп келеді. Оның үстіне әрісі 50-60, берісі 30 жылдан бері тозығы жеткен, жаңалауды қажет ететін дүниелер де жетіп артылады. Әлеуметке керегі сол баяғы мектеп, аурухана, емхана, жол, газ, су, жарық, жұмыс орындары. Сайлау алдында сайлаушылармен кездесіп, базынасын тыңдадық. Енді сол бойынша жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Айналасы 3 айда Үкіметке оннан аса депутаттық сауал жолданды. Ауыз толтырып айтарлығы мектеп, ауызсу, газ мәселесінің оң шешімін тапқаны.
Облыста 125 ауылда тіршілік нәрі болмай сатып алса, өзгесінде йоды, тұзы шамадан тыс, одан қалса құрттап кеткен суды ішуге мәжбүр. Құбыр жүргізілсе де, су жеткізілмегендері тағы бар. Мұндай келеңсіздіктер Ордабасы, Отырар, Жетісай, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал, Созақ, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран аудандары мен Арыс, Түркістан, Кентау қалаларында белең алған. Құрылыс әлдеқашан аяқталса да, пайдалануға берілмеген. Бұған су көздерін барлау мен жобалық-сметалық құнының дұрыс жасалмауы, мердігерлердің он екіде бір сайманының түгел болмауы, нысанды эксплуатацияға қабылдау кезінде жауапты бөлім басшыларының кемшіліктерге көз жұма қарауы сияқты факторлар бірден-бір себеп. Салғырттықтың салдарынан опық жейтін халық. Судың сапасыздығынан неше түрлі аурулар асқынып кеткен. Сол сияқты Арыстағы Жиделі, Монтайтас, Дермене ауылдық округтеріндегі су құбырлары да, 3-К-1 каналы да, қаланың орталық жылу қазандығы да күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстарға жалпы 5 млрд теңгеден астам сомаға жоба жасалған. Қаржыландыруды республикалық бюджеттен күтеміз. Осылардың бәрін ескере отырып, ең алғашқы депутаттық сауалдардың бірін ауызсу тақырыбына арнадым.
Нәтижесінде, Үкімет 2023-2025 жылдарға арналған арнайы бағдарлама аясында Түркістан облысына қарасты 113 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етіп, 204 ауылда тозығы жеткен су құбырларын жаңалайтынын жеткізді. Биыл 66 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оған бюджет есебінен 17,4 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда қалаларға – 3,2 млрд теңгеге – 12, ауылдарға – 14,2 млрд теңгеге – 54 жоба-ның жұмысы атқарылады. Оның ішінде, 46 нысан ағымдағы жылы аяқталса, қалған 20 нысан алдағы жылы пайдалануға беріледі. Қазір аудан, қала әкімдіктерімен жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жалпы алғанда, Түркістан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жалғасын тауып, Үкіметтің бақылауында болады. Келешекте Үкімет ауызсу тапшылығы мен кіріптарлықты болдырмаудың жолдарын қарастыру қажет.
Жаз маусымында туындайтын тағы бір проблема – ағын су. Оңтүстікте жыл сайын миллион гектардың айналасында егін салынады. Оның жартысына жуығы суармалы. 30 пайызы Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Десе де, ағын су тапшылығы ала жаздай титықтап шығады. Су құмға сіңіп кетпесін деп өңірдегі магистральді каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру, суармалы жерлерге мелиоративтік мониторингті күшейту, ағын суды үнемдеу технологиясын енгізу Үкіметке ұсынылды.
Облысты түгел табиғи газбен қамтуға 75 млрд 200 млн теңге қажет екенін де Үкіметке жеткіздім. Сондай-ақ 2022 жылы газдандыру бойынша 584 млн теңге қаралып мемлекеттік сатып алу байқауы өткізілгенімен, 2023 жылы бюджетті нақтылау кезінде қаржыландыру белгісіз себептермен қысқартылған Арыс қа-ласына қарасты Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріндегі жағдайды да көтердім. Үкіметке депутаттық сауал жолдап, облыс бойынша жауабын алдық. Арыста аты аталған ауылдар 2024-2026 жылдары газдандырылмақ. Ал облыста биыл 6,9 млрд теңгеге осы бағытта 22 жоба іске асырылады.
Өңірдегі мектеп мәселесін шешу бойынша депутаттық сауал жолдаған соң, бұл мақсатқа Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұйырса, 2024-2025 жылдары 63 мектеп пайдалануға беріледі. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы 29 мектептің құрылысын бастап 2024 жылы, ал 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталса 2025 жылы аяқталады. Яғни, 2023 жылға – 54,6 млрд, 2024 жылға – 116,8 млрд, 2025 жылға – 173,2 млрд теңге қарастырылған. Айта кету керек, әзірге ауыл арасында қатынап оқитын оқушыларды тасымалдау үшін арнайы автобустар аудандарға үлестірілді.
Адам көбейген сайын әрбір ауылда амбулаториялық пункт ашып, жалпы тәжірибелі дәрігерлерді тартып, бір-бір жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі туындап жатыр. Өйткені жүкті әйелдер мен ауыр сырқаттанған науқастарды аудан орталығы тұрмақ, ауылдық округтің өзіне жеткізудің өзі мұң болып жатқан жерлер жетерлік. Бұл жөніндегі депутаттық сауалға Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға бағытталған лимиттер негізінде қаржыландырылатынын хабарлады.
Инфляция мен девальвацияның салқыны тимеген сала қалмаған шығар. Әсіресе, сауда-саттық, өндіріспен айналысатындардың сан соғып жатқаны жасырын емес. Жылда егін мен жиын-терім науқанында жанар-жағармай бағасының шарықтап шыға келетініне бәрі наразы. Дәл осы уақытта зауыттар да қолдан тапшылық жасап, монополистердің ойына келгенін істейтінін айтып, ұлардай шулайтын бір жұрт. Былтыр мақташылар да, жылыжай өсірушілер де банкрот болды. Мақташыларға өткізілген өнім көлеміне қарай субсидия беруді қайта жандандыру және элиталық шитті өзімізде өсіру керек. Өзектілігін жоғалтпағаны мақтаны әрі қарай өңдеу ісінің жолға қойылмағаны. Ал көршілес Өзбекстанның әр облысында бірнеше тоқыма-тігін фабрикасының барын естен шығармаған абзал. Онда тіпті 22 кілем фабрикасы болса, бізде екеу-ақ. Сол себепті олардың жеңіл өнеркәсібінің шаңына ілесе алмай келеміз. Бұл да бір депутаттық сауалға себеп болды. Құзырлы министрлікке мақтаның сапасын жақсарту, жаһандық нарықта бәсекелестікті арттыру үшін элиталық тұқымды тиімді бағада сату, шаруалардың шығынын ішінара жабу үшін дайын өнімнің әр тоннасына субсидия төлеу, мақта өнімдерін өңдейтін тоқыма-тігін фабрикаларын ашу ұсынылды. Олар түрік ғалымдарымен бірлесіп мақтаның заманауи сорттарын дайындау технологиясының енгізілетінін, субсидиялау жүйесінің жетілдіріп, ашықтықты қамтамасыз етіп жатқанын айтты. Шымкентте мақта талшығының 40 пайызын өңдейтін 4 кәсіпорынның істеп тұрғанын, ал облыста 2025 жылға дейін тоқыма-тігінмен айналысатын 3 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылатынын айтты. Бұдан бөлек, өзбекстандық серіктестермен бірлесіп тоқыма кластері құрылады.
Негізі, облыс көлемінде ірі индустриялық өндірістер жоқ, жергілікті жұртшылық негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен айналысады. Мемлекеттен жылыжай өндірісіне төмен 5 пайыздан аспайтын ұзақмерзімді несиелер мен гектарлық субсидиялар бөліп, нақты көмек көрсетілгенде ғана жылыжай өндірісі өркендейді әрі бәсекелестікке бейімделеді. Мысалы, Еуропаның құлпынай өсіретін жылыжайларын тамашалауға туристер ағылып жатады. Агро бизнестен АҚШ жерін де, жағдайын да, ақшасын да аямайды. Ал біздің Үкімет тұрақты нормативтер негізінде нақты қожалықтарға ғана қомақты көмек көрсете алады да, ұсақ шаруашылықтар игіліктерге жетпей жатады. Үкімет «Кең дала», «Агробизнес» әмбебап несиелендіру бағдарламасының аясында жылыжайлардың мәселесін шешетінін мәлімдеді.
Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда түркі елдерінің бірлескен арнайы экономикалық аймағын құруды тапсырған еді. Бұл облыс үшін игілігі мол іс. Мемлекет басшысының бастамасын ТМҰ қатысушылары да қолдап, Самарқан қаласында өткен саммитте TURAN АЭА тұжырымдамасы бекітілді. Рухани астанада туризммен қатар экономикалық дамуға да жол ашу керек. Осыған байланысты TURAN АЭА құру мен оның қызметін атқару бойынша «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» және «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Президенттің бұл жөніндегі тапсырмасына екі жылдан асып барады. Алайда елеусіз-ескерусіз қалғандай әлі күнге нақты ешкім білек сыбана кіріспеді. Қандай жоба іске асса да, көпшіліктің кәдесіне жараса игілін ел көреді деп бұны да депутаттық сауал етіп жолдадым.
Үндістанның медицинасы да, фармацевтикасы да күн сайын дамып жатыр. Қазір әлемдік аренада алда келеді. Ол жақта рак ауруларын емдеуге ерекше ден қойған. Үндістанның клиникаларында әр пациентке дәрігердің нұсқаулығымен жеке дара препараттар дайындап беретін фармацевтикалық орталықтары жұмыс істейді. Біздің елден бауыр цирозы, асқазан жарасы, өкпе құрты дертін асқындырып барғандар сауығып оралып жатыр. Бұл медицинаның мықтылығы мен дәрі-дәрмектің дұрыс әрі сапасының дәлелі. Ал сол Үндістан фармацевтикасына қа-жетті шикізат жан-жақтан жеткізіліп жатыр. Оның арасында контрабандалық жолмен Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Қытай асып жатқан Қазақстанның сасық кеурегі мен қызыл миясы бар. Елімізде сасық кеуректің оннан аса түрі өседі. Бізде елеусіз және құнсыз болғанымен шет елдерде үлкен сұранысқа ие. Өнімнің келісі 100-150 долларға бағаланады. Сасық кеурек 5 жылда бір гүлдеп, 10 жыл өмір сүреді. Қызыл мия да сол шамалас. Сасық кеурек онкологиялық ауруларға таптырмас ем болғандықтан сұраныстан түспейді. Іргедегі Өзбекстан мен Тәжікстан бұл өсімдікті өздерінде өсіруге кірісті. Косметикалық, парфюмериялық өнімдер шығаратын елдерде қажетті гүлдердің плантациясы болады. Біз қолда бар алтынның қадірін білмей, дермене, мия, кеуректің тамырымен қопарып тонналап тонап жатқандардан қорғай алмай жүрміз. Керек десеңіз қызыл мия «Қызыл кітапқа» да енбеген.
Үшеуі де дәрілік өсімдіктер тізбегіне жатады. Сасық кеуректі теруге рұқсат беріл-меген. Мияны «Қазақстанның қызыл кітабына» енгізу, осы үш дәрілік өсімдіктердің қорларын анықтауды, өңдеуге және өндіруге дайындауды, шикізатын экспорттауға тыйым салуды, тұқымын сақтау және көбейту шараларын күшейтуді, фармацевтикалық мақсатта қолдану үшін Оңтүстік өңірде арнайы плантациялар салуды Үкіметке тапсырдық.
Семей орманы резерваты өртенгенде не атқарушы билік, не сол ағаш, тау, тасты, дәрілік өсімдіктерді ұрлайтындарда жауапкершілік пен жанашырлықтың жоғын, салғырт қарайтынын көбін байқадық. Бұл салада да реттейтін мәселе өте көп екен. Апатты жағдай орнамаса, төтенше жағдайлар мен орман шаруашылығының, табиғи парктердің ақиқаты ашылмас еді. Статистикалық мәліметке сенсек, Қазақстанда жылына әртүрлі себептермен 12 мың өрт орын алады екен. Соңғы 3 жылда 33 мыңдай апаттан 207 983 адам зардап шегіп, 4 кісі опат болған. Жылына 400-дей отандасымыздан көз жазып жатыр екенбіз. Төтенше жағдайлар қыз-метінде өрт сөндіру көліктері, авиациялық тікұшақтар, апаттарды барлау құрылғылары мен құрылымдары жетіспейді. Осының кесірінен мыңдаған гектар орман өртеніп кеткен. Шын мәнінде, көптеген құрылымды қайта қарап, реттеу қажет сияқты. Өйткені қазіргідей жаз маусымында кез келген аймақтан апат орын алған аумаққа қосымша күш тартудың өзі қауіпті. Неге десеңіздер, абайсызда өрт шығатын болса, әр өңірдің өз қызметі өздеріне қажет болып қалуы бек мүмкін. Сол себепті әр облыстың өрт сөндіру қызметі сақадай сай болуға тиіс. Алапат өрт кезінде 51 техника мен 190 адамның күші күресуге жетпейді. Бізге белгілісі, өрт сөндірушілердің күні ескі көліктерді жөндеумен өтіп жатыр екен. Сол сияқты көп жылдар бойы құтқарушы қызметкерлердің еңбегі еленбей, бұл салада да жемқорлық белең алған. Осыларды ескере отырып техникалық базаны жаңалауға, қызметкерлер санын көбейтуге ден қою қажет.
Әлемде суы мен нуы көп елдер баршылық. Әсіресе, мұхит немесе теңіз жа-ғалауында, орман айналасында, тау етегінде тұратын жерлерде арнайы құтқару қызметі күндіз-түні қауіпсіздікті күзетеді. Және де заманауи техникамен жабдықтал-ған. Барлық облыстарда, аудан, қаладарда, ауылдық округтер мен елді мекендерді өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз ету, орманшылардың штатын кеңейтіп, жалақысын көтеруді, оларды орман аумағын өрттен бақылап жүретін дрондармен қамтамасыз етуді, бұқара демалысқа жиі баратын ормандар мен ірі өзен-көлдердің басында арнайы құтқару қызметін құруды; әуеден бақылау үшін арнайы тікұшақтардың санын көбейту, орман, тауларға апаратын жолдар салуды, барын сапалы етіп жөндеуді Үкіметке сауал етіп дер кезінде жолдадым.
Сайлау алдында сайлаушылармен кездесу барысында ең көп айтылған мәселе жұмыссыздық пен зейнет жасын төмендету. Абай хакім қырық екінші қара сөзінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» – деген. Көптеген жобаға қыруар қаржы бөлінгенімен, іске аспай қалған. Соның кесірінен жұмыссыздық жойылмай жатыр. Ауылдарда жұмыс орындарын көптеп ашылуын қолға алу керек. Қазір кей әкімдіктер мыңдаған адамның жұмыспен қамтылатынын жарнамалап, қисынға келмейтін іспен айналысуда. Және жұмыс істеудің кері осы екен деп қара жұмысшылар мен мектеп мұғалімдерін, дәрігерлерді алпыстан асқанша жұмысқа жегіп қоюға да болмайды. Зейнет жасын 55-ке дейін түсіру қалың бұқараның талабы. Өзекті мәселені Үкіметке жолдап, депутаттық сауалға жауап күтіп жүрміз.
Министрліктердің көптеген сауалға салғырт қарауы депутаттардың наразылығын тудыруда. Үкіметтің де, Үкімет мүшелерінің де, аймақ әкімдерінің де кандидатурасын мақұлдайтын депутаттар. Әртүрлі деңгейдегі атқарушы билікті халықтың мәселесіне ат үстінде отырып алып, жүрдім-бардым қарауына жол берілмейді. Онсыз да министрлер мен әкімдерге сенуден қалған сайлаушылар тек депутаттарға иек артып отыр. Менің өзіме күніне қанша адам ауылдың проблемасын айтып жатады. Депутат болудағы мақсатым да – халықтың қалаулысы деген абыройлы атақтың атын ақтау, сенімнің үдесінен шығу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай әділетті Қазақстан орнату үшін азаматтарға адалдық керек. Елге адал және әділ қызмет етуден басқа бөтен ой жоқ. Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайтынын ұмытпаған жөн.