САЛҒЫРТТЫҚ САН СОҚТЫРМАСЫН ДЕСЕК…
Түркістан облысында өрттің алдын алу мақсатында 200-ден аса рейд жүргізілді. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов айтты. Бүгінде облыс аумағында орман-дала өрттерін алдын алу мақсатында «Орман, дала өрттерін алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар» жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
«Жыл басынан бері өңірде екі орман өрті тіркелді. 12 маусым және 3 шілде күндері Ордабасы ауданындағы «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесіне» 3,8 га орман алқабының жану жағдайы болды. Сонымен қатар 2023 жылғы 1 маусымнан бастап өртке жатпайтын жалпы көлемі 341 га аумақта 618 жану жағдайлары орын алды. Бұл дегеніміз, өрт қауіпті маусымның шарықтау шегіне жетіп тұрғанын көрсетеді. Деректер өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға артқан. Бұл өрт есебіне жатпайтын жану жағдайлары адами факторлардың әсерінен орын алып отыр. Өртті болдырмау мақсатында облыс бойынша бірлескен мобильді топтар құрылып, бүгінгі күнге дейін 203 рейд жүргізілді. Сонымен қатар дала орман өрттерін алдын алу мақсатында облыс бойынша өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс тұрғындарына айтарым, кез келген өртті байқаған жағдайда «101» нөміріне хабар беріңіздер» деді Асанғали Мадиханұлы.
Бүгінде өңірде орман дала өрттері болуы ықтимал 520 елді мекен бар. Оның ішінде 124 елді мекен орман қоры аумағына шекаралас орналасқан. Олар Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Отырар, Арыс, Ордабасы, Кентау, Шардара аудандары аумағында жатыр. Асанғали Мадиханұлы өз сөзінде облыс тұрғындарын табиғат аясында яғни орманды алқапта демалыс кезінде, сіріңке мен темекі қалдығын сөндірусіз қалдырмау, сөндірілмеген шоқ қалдықтарын тастамау керектігін ескертті. Одан бөлек, шыны ыдыстарды құрғақ шөптің үстіне, күн сәулесіне қалдырмауын және рұқсат етілмеген жерлерде от жағуға тыйым салынатындығын жеткізді.
Өңірде жалпы 12 орман шаруашылығы мекемесі орналасқан. Орман қоры жерлерінің жалпы ауданы 3 млн 452 мың 755 га, оның ішінде орманды алқабы 2 млн 405 мың 332 га, ормансыз алқабы 1 млн 575 мың 039 га құрайды. Бүгінде жалпы орман шаруашылықтарында 22 өрт сөндіру автокөліктері мен 61 бейімделген қосалқы техникалары, 3 тонналық суы бар 45 тіркемелі бөшкелер, 45 мотопомпа, 398 өрт сөндіру құралдары, 1944 өрт сөндіргіш, 48 өрт бақылайтын биік мұнаралары және 252 адамды құрайтын ерікті өртке қарсы құрылымдарымен бірге өрт-химиялық стансаларымен қамтамасыз етілген.