МАЛ ҚАЛДЫҚТАРЫН ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТАР САЛЫНАДЫ

Сайрам ауданындағы мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары қадағаланып, ретке келтіріледі. Малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолы кесіліп, санитарлық талапқа сай болуы бақыланады. Сонымен бірге малдың қанын, сүйегін, ішек-қарнын, терісін терең өңдейтін зауыттар ашылады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылына арнайы барып, кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Санитарлық салаға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары басшыларына жұмысты ширату жөнінде ұсыныс берді. Жергілікті әкімдік пен басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі берген ұсыныстарыңыз бойынша жұмыс жүреді. Қолдаймыз. Бірақ қазір бірінші кезекте санитарлық жағдайды ретке келтіріп, қоғамда талқыланып жатқан мәселені реттеуіміз қажет. Малдың қанын арыққа ағызу, қоршаған ортаны ластау мүлдем дұрыс емес. Тоқтатылады. Ауылдағы әрбір мал сою бекеті, кәсіпкерлер, мал саны толық есепке алынып, тіркелсін. Жұмыс тобы құрылсын. Жауапты басқарма мен аудан, ауыл әкімдігіне осы мәселені шұғыл шешуді тапсырамын. Бірінші кезекте малдың қалдығын тастайтын арнайы шұңқыр дайындалады. Оған жер бөлініп, тиісті жұмыс жүреді. Жауапты мекемелер осы шаруаны жүзеге асыруға күш салуы тиіс. Бірақ бұл жүйелі әрі түбегейлі шешу үшін мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салған жөн. Қалдықтардан балық, құс шаруашылығына қажетті азық әзірлеуге мүмкіндік мол. Осы бағытта біз шетел инвесторларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Малдың қанын, ішек-қарнын, терісін, сүйегін өңдейтін кәсіпорындар ашамыз. Дегенмен осы кәсіпорындарды өздеріңіз ашқандарыңыз ұтымдырақ болады. Егер өзара келісіп, зауыттар ашатын болсаңыздар, алдымен сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Өздеріңіз ақылдасып, бірігіп, араларыңыздан үйлестіруші азаматтарды сайлап, осы бағыт бойынша ұсыныс беріңіздер» деді Дархан Сатыбалды.
Еркін форматтағы кездесуде аудан кәсіпкерлері мал сою бекеттерін дамыту, мал қалдығынан балық шаруашылығына қажетті азық дайындау, кондитер өнімдерін шығару, кәсіпкерлікке сертификат беру, инфрақұрылыммен қолдау көрсету және өзге де жобалар бойынша ұсыныстар берілді. Бұл өтініштер бақылауға алынып, жұмыс жүргізіледі. Жұмыс сапарында облыс әкімі Қарабұлақ ауылындағы мал сою бекетінің жұмысымен танысты. 30 адам жұмыспен қамтылған бекетке 200 млн теңге инвестиция салынған. Жобаның қуаттылығы – тәулігіне 100 бас мал. Өңір басшысы кәсіпкердің ұсынысын тыңдап, ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.