ИСАХОВ ӘШКЕРЕГЕ ТҮСТІ МЕ ӘЛДЕ ӘДІЛЕТСІЗДІКТІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ МА?

cоңғы нүктені сот қояды

Осыдан бірер күн бұрын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жиі тіркелетін ауру түрлерін мәлімдеді. Ведомства келтірген деректерге сүйенсек Қазақстанда тыныс алу органдарының дерті көбейген.  Қан айналым жүйесі ауруымен науқастанған сырқаттар саны өскен. Зәр шығару, жыныс мүшелері ауруларымен дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер әдеттегіден артқан. Ас қорыту жүйелері ауруының әуресіне түскендер де көп. Министрлік жасаған бұл мәлімет өткен жылғы көрсеткіш бойынша сараланған. Өкінішке орай Қазақстанда бұдан бөлек тағы бір «дерттің» түрі тым көбейіп бара жатыр. Ол жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Әңгіменің әлқиссасын ағзада кездесетін аурулардан бастап, сыбайлас жемқорлықпен қабыстыру қаншалықты қисынды дерсіз…

Жоғарыда келтірген ағза аурулары асқына берсе мемлекет болашағаның негізі – ұлт саулығы төмендеп, қазақстандықтардың қуаты кете беретіні сөзсіз. Ал адамдары қалжыраған қоғамда серпіліс болмайтыны анық.
Жемқорлық – қоғам дерті. Ол халықтың несібесіне қол сұғып, өз жемсауын толтыруда ғана ойлайтын жемқорлардың қолымен жасалады. Олардың кесірінен елде ілкімді ілгерілеу болмайтыны белгілі. Сыбайлас жемқорлықпен кешенді күресіп келе жатырмыз. Бірақ араны ашылып, айылын тия алмай жатқандар бой берер емес. Парақорлықпен оқалы погон таққандардың күдігіне ілініп, құрығына түсіп жатқандар туралы ақпараттар күн сайын айтылып, хабарланып жатыр.
Соның бірі Шымкент қаласы тұрғындарына есімі жақсы таныс Мақсұт Исаховтың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны болды. Айта кетейік, Мақсұт Исахов 2020 жылдың ақпан айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Шымкент қаласы әкімдігінде жол, көлік және автомобиль жолдары, еңбек инспекциясы, туризм, дене шынықтыру және спорт, ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтер мәселелеріне, сондай-ақ цифрландыру саласына, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауға жетекшілік етіп келген. Шенеунікті Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның келісуімен 20 шілдеде қамауға алған. Құзырлы орган Исаховтың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын айтудан әрі аспады. Мәліметтер тергеу мүддесі үшін ашып айтылмайтынын ескертті.
Шымкент тұрғындарына жақсы таныс Исаховқа қатысты күдіктің рас немесе жалған екені әзірге белгісіз. Оны төреші уақыттың өзі көрсететіні анық. Бізге белгілісі тұрғындар Мақсұт Исаховты өз ісінің білгірі ретінде танитыны.
Ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне кіріскеннен бастап қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеуді электронды жүйеге көшіру ісіне білек сыбана кірісе кетті. Мегаполис тұрғындары бұл бастаманың жүзеге асатынына аса қатты сене қоймаған. Бірақ жобаның басы-қасында жүрген Исахов 2020 жылдың қазан айының бел ортасында Шымкенттегі қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесінің іске қосылуына қолтаңба қалдырды. Электронды төлем жүйесін енгізудегі мақсат – қоғамдық көліктегі қызметті жақсарту, жолаушыларға жағдай жасау, жергілікті бюджеттің бүйірін ұлғайту және жолаушылар ағынының нақты статистикалық көрсеткішін жасау. Әрине бастапқыда жобаға қатысты бірқатар шикіліктер болды. Төлем жүйелері істен шығып, жолаушыларға ыңғайсыздық тудырды. Уақыт өте олқылықтың бәрі реттелді. Бірақ жүргізушілер мен кондукторлар жобаға жатырқай қарауын қоймады. Олар жолаушыларға жол ақысын электронды емес, қолма-қол беруді ашық айтуын тоқтатпады. Мұның түпкілікті шешімін табу үшін осы жылдың наурызынан бастап қаладағы барлық бағыттарда «Кондукторсыз жүйе» жобасы іске қосылды. Нәтижесінде қоғамдық көліктер жолаушыларға кондукторсыз қызмет көрсететуді бастады. «Кондуктор жоқ» деп жол ақысын төлеуден жалтаратындарды тезге салу үшін аталған жоба бойынша бақылаушы топ жұмысы жолға қойылды. Оның құрамындағы қызметкерлер жолаушылардың «Tolem» картасы, SMS код немесе QR-код арқылы жол ақысын төлегеніне бақылау жүргізіп келеді.
Әрдайым әлеуметтік маңызы бар ауқымды жобалардың тиянақты орындалуына жетекшілік ететін Исахов қызметтегі уақытының көбін жол құрылысы нысандарында өткізуден шаршамайтын. Және құрылыс нысандарын аралау барысында түсірілген фото, бейне жазбаларды үнемі желіге жүктеуден жалықпайтын. Оның бұл әрекеті жол құрылысы сапасына қаншалықты оң әсер еткені өз алдына бөлек мәселе. Бірақ желідегі фотоларға қарап жұрт Исаховқа қарата «өз ісінің білгірі, жарайсыз, азаматсыз» деген сарында көп мақтау сөз жазып жататын. Мақтауды, жылы сөзді кім құп көрмейді? Осындай ілтипаттың әсері болса керек, Исахов желідегі жұртпен әрдайым тығыз байланыс орнатты. Алысқа бармай-ақ осы жылдың өзінде ол фейсбуктегі парақшасында тұрғындарға бірталай ақжолтай жаңалық айтып, біраз істің орындалатын мәлімдеген. Мысалы, ол жыл соңына дейін қаладағы жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетеді деген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 67,4 пайызды құраған. Осы бағытта Темірлан тас жолының бойында жаяу жүргіншілерге арналған өткел салынып, жыл соңына дейін Д.Қонаев даңғылы жалғасының үшінші кезеңі, А-2 айналма жолының екінші және төртінші кезеңдері, Өтегенов көшесінің жалғасы және Ж.Адырбеков көшесін қайта құру нысандары пайдалануға берілетінін атап өткен еді…
Исаховтың қамауға алынғаны туралы ақпаратты үлкен күйзеліспен қабылдағандар көп болды. Олар бұл туралы пікірін әлеуметтік желі арқылы білдірді. Сонымен қатар ақын Біржан Байтуов оның халықпен конструктивті диалог жүргізе алатын басшы болғанын, Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шығып, халықтың ортасында жүргені соған мысал екенін алға тартыпты.
Қайткен күнде де соңғы нүктені мұндай оң пікір емес, сот қоятыны белгілі.
Исахов қамауға алынған күні Шымкенттегі Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінгені туралы ақпарат ресми жарияланды. Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мұны жасырын іс-шаралардың нәтижесінде анықтағанын атап өтті. Келесі күні департамент басшысы екі ай қамауға алынды.
Айтпақшы, аптаның алғашқы күнінде еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берді. Агенттік төрағасы жыл басынан бері елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1000-ға жуық қылмыс тіркелгенін, 700-ден аса адамның заңға қарсы әрекеті әшкереленгенін атап өтті. Оның ішінде 98 адам түрлі деңгейдегі басшылар болған.

А.САТЫБАЛДЫ.