СОҢҒЫ 3 ЖЫЛДА БІЛІМГЕ БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТТЫҢ 11 МЛРД ТЕҢГЕСІ ҰРЛАНҒАН
Білім саласының ел дамуындағы маңызы айрықша. Осы орайда, аталған саланың дамуына елімізде айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, соңғы үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған. Бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттің барлық шығыстарының 28 пайызын құрайды.
Антикордың мәліметінше, ағымдағы жылы саланы қаржыландыру екі есеге өсіп, 5 трлн теңгеге дейін жетті. Дегенмен саладағы қаржының барлығы тиісті жерге жұмсалып, нәтиже беріп жатыр деуге әлі ерте. Өздеріңізге белгілі, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы екі есеге, ал ғылыми дәрежесі мен сабақтан тыс сабақтары болған жағдайда – үш есеге арттыруға мүмкіндік берілді. Президент қоғамдағы педагог мәртебесі мен беделін одан әрі арттыру бойынша тиісті тапсырмаларды беріп те келеді. Дегенмен заңға томпақ келетін әрекеттер де аз емес. Мәселен, 2020 жылдан бастап білім беру саласында 343 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген. Оларды жасауда 255 адам әшкереленіп отыр. Осы уақыт ішінде мемлекетке келтірілген залал шамамен 11 млрд теңгені құрады.
Қорыта айтқанда, білім саласына бөлініп жатқан қыруар қаржыдан асап қалғысы келетіндер әлі де бар. Біразының былығы белгілі болып, темір торға тоғытылып жатыр. Әйткенмен бұл өзгелерге сабақ болмай жатқан тәрізді. Жазаны қатаңдатумен мәселенің шешіле қоюы екіталай. Бәлкім, мемлекеттік идеологияны күшейткен жөн болар. Әйтпегенде тәуелсіздік алған жылдар ішінде қоғамның санасына сіңіп қалған жемқорлықпен күрес нәтиже бермейтін тәрізді…
С.НҰРАЙ.