АЯҚ КИІМ ӨНДІРІСІ ТҰРАЛАП ТҰР

теріні терең өңдеу қашан жолға қойылады?

Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдайлар жасалып келеді. Әйткенмен нәтиже көңіл көншітпейді. Ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары болғанымен, азық-түлік тауарларымен ішкі нарықты толық қамти алмаймыз. Киім-кешекті шеттен тасимыз. Тері өңдеу ісі кенже қалып келеді. Осының кесірінен аяқ киім өндірісі де тұралап тұр. Өзгесін қойғанда, аяқ киім өндірісін өркендетуге мүмкіндіктер бар. Десе де оң нәтижеге жете алмай жатырмыз. Себебі не? Нені ескермей келеміз? Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Жуырда Еnergyprom.kz аталған сала бойынша зерттеу нәтижелерін жариялады. Оған сенсек, соңғы бір жылда отандық өндірушілер 1,7 млн жұп аяқ киім шығарған. Көрсеткіштерін 2021 жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға өсіп отыр. Биыл бірінші тоқсанда 421 мың жұп шығарылған. Бұл 2022 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 38 пайызға көп. Қарап отырсақ, өсім бар. Әйткенмен ұзақмерзімді перспективада қарар болсақ, жағдай өзгеріп шыға келеді. Мәселен, соңғы 20 жылда өндіріс өсімінің бірнеше шағын серпілістері болған. 2008, 2011 және 2015 жылдары 1,7-1,8 млн жұп шығарылғанымен, артынша екі-үш жылдық құлдырау орын алған.
Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметке сүйенсек, Қазақстанда аяқ киім шығаратын алты ғана компания жұмыс істейді. Ең ірі кәсіпорын – «ТаразКожОбувь». Жамбыл облысындағы бұл зауыт жылына 500 мың жұп бәтеңке, кебіс, спорттық аяқ киім, етік шығаруға қауқарлы. «Казлегпром-Алматы» ЖШС-нің киім-кешек және аяқ киім фабрикасы да осындай жылдық қуаттылыққа ие. Ең көне өндірушілердің қатарында кеңестік «Казкожа» тресінің мұрагері «Жетісу» АҚ Алматы зауытын атауға болады. Ақшалай алғанда, былғары өнеркәсібінің барлық кәсіпорындары былтыр 15,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда құндық мәнде 16,6 пайызға көп. 2023 жылдың қаңтар-сәуірінде былғары өңдеушілер өнімінің құны 5,8 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,8 пайызға көп.
Бір қарағанда, саладағы өнім өндіру көлемі көп секілді. Дегенмен 2022 жылы қазақстандықтар 40,3 млн жұп аяқ киім сатып алғанын ескерсек, 19,8 млн халқы бар ел үшін 1,7 млн жұп аяқ киім тігу өте аз. Өсіп келе жатқан тұтыну аясында соңғы 20 жылда отандық өндіріс бір орында тұралап қалды. Отандық етікшілердің үлесі нарықтың 3,3 пайызын ғана құрайды. Бір қызығы, осыдан 15–20 жыл бұрын отандық аяқ киім фабрикаларының ішкі нарықтағы өнімінің үлесі 25-37 пайызбен әлдеқайда жоғары болды. Әйткенмен көлемі қазіргідей аз еді. Мәселе мынада, 2011 жылдан бастап қазақстандықтар аяқ киімді көбірек сатып ала бастады. Яғни ішкі нарықтағы сатылым көлемі төрт жыл ішінде 15 еседен астам өсті. Бұл дегеніңіз 5,1 млн-нан 80,9 млн жұпқа дейін артқанын білдіреді. 2014 жылы орнатылған осы рекордтан кейін аяқ киім сатылымы бір төмендеп, бір өсті, бірақ 24 млн жұптан төмен түскен жоқ.
Ішкі нарықтағы отандық өнімнің әлеуеті аз болғандықтан, тауарды сырттан таситынымыз белгілі. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, импорттың ішкі нарықтағы үлесі 96,7 пайыз шамасында. Бүгінде елімізге шеттен келетін аяқ киімнің негізгі жеткізушісі – Қытай. Екінші орынға Түркия жайғасқан. Былғары өнеркәсібін жолға қойып алған ала шапанды ағайын үштікті қорытындылап тұр. Жалпы былтыр елге 38,7 млн жұп тауары әкелінсе, биыл қаңтар-наурызда 12,2 млн жұп өнім импортталған. Мұның салдарынан ауыртпалық халыққа түсіп отыр. Өйткені импорттың осындай деңгейінде Қазақстандағы аяқ киім бағасын шетелдік жеткізушілер белгілейді. Елдегі аяқ киім өнімдері бағасының соңғы жылдағы ең елеулі өсуі 2022 жылдың аяғынан бастап байқалды. Өткен жылғы қарашадан 2023 жылғы қаңтарға дейін жылдық баға өсімінің көрсеткіштері 18-19 пайызды құрады. Ал ақпан-наурызда 120 пайыздан асып түсті. Мамыр айының соңында статистика жыл сайын аяқ киім құнының 18,1 пайызға өскенін хабарлады. Ең жоғары бағаның өсімі балалар аяқ киімінде байқалып отыр. Яғни бір жыл ішінде ол 20,1 пайызға қымбаттаған.
Қорыта айтқанда, былғары өнеркәсібін өркендетіп, аяқ киім өндірісін жолға қоя алмай келеміз. Мұның өзі халықтың қалтасына ауқымды салмақ салуда. Бүгінгідей теріні қоқысқа тастап, ақ киімді шеттен таси беретін болсақ, отандық өнімнің дамымасы анық. Одан жапа шегетін тек өзіміз ғана. Ал тиісті сала басшылары әзірге үнсіз…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.