ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЗЕРВТЕРІ 95 МЛРД АҚШ ДОЛЛАРЫНА ЖУЫҚТАДЫ

Қазақстанның халықаралық резервтері 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 94,7 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – жыл басындағы көрсеткіштен 4,3 пайызға жоғары.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, Ұлттық банктің алтын-валюта активтері 1,1 пайызға немесе 35,5 млрд АҚШ долларына дейін, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 6,3 пайызға немесе 59,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайған.
Министрлік дерегіне қарағанда, 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторының экономикаға берген кредиті 25 трлн 621,1 млрд теңгені құраған. Оның ішінде заңды тұлғаларға – 10 трлн 682,4 млрд теңге, жеке тұлғаларға 14 трлн 938,7 млрд теңге кредит берілген. Ал депозиттер 2023 жылғы 1 маусымда 30 трлн 629,2 млрд теңге болып, 2023 жылдың басындағы көрсеткішке қарағанда 1 пайызға азайды. Заңды тұлғалардың депозиттері 3,8 пайызға немесе 14 трлн 711,4 млрд теңгеге дейін төмендеген. Жеке тұлғалардың депозиттері 1,7 пайызға немесе 15 трлн 917,8 млрд теңгеге дейін көбейіп отыр. Ұлттық валютадағы депозиттердің үлесі 2022 жылғы желтоқсандағы 68,4 пайыздан 2023 жылғы мамырда 71,6 пайызға дейін өсіп отыр.

«Уақыт».