ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН БАЛАБАҚШАЛАРДА 81 МЫҢ ОРЫН АШЫЛАДЫ

Биыл қыркүйектен бастап мектепке дейінгі оқыту және тәрбие беру ұйымдары тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мемлекет басшысының қабылдауында болған уақытында айтты. Сонымен қатар ведомство басшысы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар жайын да тарқата баяндады.

Бұдан бөлек, «Президенттің тапсырмасына сай білім саласының барлық бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектепке дейінгі білім беру саласында кадр даярлау және олардың әлеуетін нығайту жүйесі жаңғыртылды. Биыл 20 мыңнан астам педагог біліктілігін арттыру курстарынан өте бастады. Сондай-ақ колледждер маман даярлауда балабақшалармен бірге аймақтық ерекшеліктерге бейімделген арнайы білім беру бағдарламаларын әзірлеп отыр» деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасына. Оның мәліметінше, 2023 жылдың аяғына дейін балабақшаларда жаңадан 81 мың орын ашу жоспарланып отыр. Министрлік балабақша кезегінің бірыңғай базасын құруды қолға алды. Бұл шаралардың бәрі кезектегі қайталауды жоюды, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуды, бюджетті тиімді жұмсауды және ең бастысы, ашықтықты қамтамасыз етуді көздейді.
«Педагогтерді аттестаттау рәсімі жетілдірілді. Педагогтің кәсіби құзыреті тек пән бойынша білімі, ал жұмысының нәтижесі білім алушылардың оқу жетістіктеріне сүйеніп бағаланады. Бұл мәселені талқылауға ұсынғанда, өңірлердегі әріптестерім де қолдайтынын білдірді. Мемлекет басшысына ауыл мектептерін дамыту тұжырымдамасын таныстырдым. Бұл жобаны іске асыруда Білім-инновация лицейі, РФММ, НЗМ, Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының озық тәжірибелері ескеріледі. Қызметке кіріскен сәттен бастап мұғалімдермен, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының директорларымен, кәсіпорын басшыларымен бірқатар кездесулер өткіздім. Басты міндет – шағын кәсіпорындар мен оқу шаруашылықтарын құру арқылы колледждерді дербес құрылымға айналдыру. Биылдан бастап кәсіпорындар колледж түлегін міндетті жұмысқа орналастыру шартымен кадрларды мақсатты оқытуға қатысады. Қазір техникалық және кәсіптік білім беру студенттерінің 80%-ы тегін білім алып жатыр. Биылғы қыркүйектен бастап олардың шәкіртақысы 50 пайызға артады, ал алдағы жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жеткізіледі» деп жазды Ғани Бейсембаев.
Ж.БАЛАУСА.