ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРЕДІ
Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әл-ауқатын арттыру. Мемлекет басшысының өңірлерде 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орындарын құру тапсырмасы қаламызда жүйелі орындалып жатыр. Жуырда Астана қаласындағы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
Нақтырағы «Халықты жұмыспен қамту шараларына биыл 57 мың адам жоспарланып, оның 42 мыңын тұрақты жұмыспен қамтуымыз қажет. Жыл басынан бері 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Соңғы жылдары жұмыспен қамту шараларын күшейту арқылы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайып, 10 794 отбасыны құрады» деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту көзделіп, бүгінде 20 мыңға жуық адам қамтылған. Сондай-ақ қалада іске асырылып отырған Ұлттық жобалар шеңберінде және жеке кәсіпкерлердің жеке бастамасымен «2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша биыл 23 420 жұмыс орны құрылады. Қазірдің өзінде 10 043 жұмыс орны ашылған.