БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Шымкентте жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. Оның ішінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі айрықша мәнге ие. Дәл осы шараның арқасында жүздеген жұмыссыз жаңа жұмысқа орналасты. Жуырда дәл осы бастама жалғасын тапты.
Нақтырағы, Шымкентте үш жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде бұл жолы 120 жұмыс беруші мекеме тарапынан 5000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыс іздеген азаматтарға медициналық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп пен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналасу мүмкіндігі берілді. «Арбат» алаңында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай мен Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарынан арнайы келген өкілдер бос жұмыс орындарын ұсынды. Мәселен, Қостанай облысында ауылшаруашылығымен айналысатын «Агропарасат» ЖШС-на мал дәрігері, дәнекерлеуші, механизатор және жүргізуші сынды мамандық иелері қажет. Қожалық директоры Азамат Жолаушыбаевтың айтуынша, жұмысшылардың орташа жалақы мөлшері 240 мың теңгеден басталады. «Одан бөлек, бірқатар материалдық және әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі. Ең бастысы ауылымызда халық саны көбейіп, жұмыс күшінің артқанын қалаймыз» дейді қостанайлық шаруа қожалығының иесі.
Солтүстікке қоныс аударушыға және оның әрбір отбасы мүшелелеріне – бір рет 70 АЕК немесе 241 мың 500 теңге мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Тұрғын үй сатып алуға, салуға немесе алғашқы жарна ретінде пайдалануға 4 млн теңгеден аспайтын көлемде тұрғын үй құнының 50%-на экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Қоныс аударушының отбасына, оның ішінде жалғысбастыларға он екі ай бойы тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін материалдық көмектер беріледі. Атап айтқанда, қалалық жерлерге көшкені үшін 1 адамға 69 000 теңге. Отбасы мүшелерінің саны 2-4 болса 86 250 теңге, 5 және одан көп болған жағдайда 103 500 теңге бөлінеді. Ауылдық жерлерге қоныс аударғандарға 1 адам үшін 51 750 теңге, отбасы мүшелерінің саны 2-4 болған кезде – 62 100 теңге. Ал жанұя құрамы 5 және одан көп болған жағдайда 72 450 теңге беріледі.
Жәрмеңкеде өзге өңірлерге қоныс аударуға 65 адам ниет білдірді. Былтыр Шымкент қаласынан Солтүстік өңірлерге 200-ге жуық отбасы қоныс аударған болатын. Өзге өңірлерде тұрақты жұмыспен қамтылғандардың арасында өз кәсібін ашқан 11 адам бар.
Айта кету керек, өткен іс-шараның мақсаты – қаланың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектері мен жұмыссыз жүрген азаматтарды нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамту. Осыған байланысты қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізіп, екі тарапқа да тиімді шарттардың болуын қадағалайды.