ЖАСТАРЫ БЕЛСЕНДІ ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ЖАРҚЫН
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан қай елде болмасын, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасалып келеді. Ол қатарда еліміз де бар. Бүгінде жастар билік тармақтарына келіп жатыр. Олардың өз қабілетін дамытуына да барынша мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұдайы ұйымдастырылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы жолдауында жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында төмендетілген пайызбен несие беру бастамасын көтерді. Нәтиже де жоқ емес. Қазіргі таңда Шымкент жастары барлық салада белсенділігімен ерекшеленеді. Ресми дерекке сүйенсек, қалада 14 және 35 жас аралығында 362 980 жас тұрады. Яғни мегаполис халқының 32 пайызын жастар құрайды. Шаһарда орын тепкен 9 жоғарғы оқу орнында 115 064 студент білім алады. Орта арнаулы оқу орындарының саны – 38, оның 11-і – мемлекеттік, 27-і – жекеменшік. Онда 45 622 жас білім алады.
Жалпы қала жастарына төрт «Жастар ресурстық орталығы» қызмет көрсетеді. Төрт ауданда орналасқан орталықтарда 2023 жылдың алғашқы тоқсанында 8200 жасқа қызмет көрсетілген. Бұл жөнінде «Жастар ресурстық орталықтарында жыл басынан бері 113 іс-шара ұйымдастырылып, оған 38 мыңнан астам жас тартылды. Арнайы құрылған мобильді топтар ұдайы жастарға қажетті деген мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттарды жеткізіп, түсіндіріп отырады. Олардың маңыздылары –тұрғын үй және жұмыспен қамту бағдарламалары» дейді «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мағжан Исахов.