ЕРІКТІ ЖАСТАР БАС ҚОСТЫ

Бүгінде жастардың белсенділігі жоғары. Оның ішінде шымкенттік жастар көптеген өзекті мәселелермен күресте оң нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, жұмыспен қамту мақсатында қалаға қарасты елді мекендер мен шағынаудандарда ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайында да мәлімет беруде. Сонымен қатар ерікті ретінде де қала аумағында ұйымдастырылып жатқан бастамаларға жоғары деңгейде қолдау көрсетіп келеді.

Осы орайда, өткен аптада үшінші мегаполисте еріктілер жазғы мектепте бас қосты. Шымкент қаласында орналасқан жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан жиналған еріктілер екі күнге созылған іс шараға белсене қатысты. Онда «Soft skills» тұлғалық қабілетті дамыту, мобилография шеберлігі мен «Еріктілердің қоғамдағы рөлі» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Бұл волонтерлердің тәжірибе алмасып, өз ойларымен бөлісуге таптырмас мүмкіндік болды десек, артық айтқанымыз емес.
Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған шараға іс-шара Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» қолдау көрсетіп отыр. Мұнда еріктілер алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, жұмыстарын жүйелей түспек. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы аталған шара турасындағы ойын былайша тарқатты «Мемлекет басшысы «Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер» деп атап өтті. Қазіргі таңда ерікті жастардың атқарып жүрген игілікті істері өте көп. Кез келген жұмысын алып қарасақ, мемлекеттік қызметті атқарғанмен пара-пар. Сіздердің ел дамуы жолында атқарған қызметтеріңізге алғыс білдіремін».
Айта кету керек, қазіргі таңда үшінші мегаполисте 15 мыңға жуық волонтер және 12 волонтерлік және қайырымдылық ұйымы жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі – жоғарғы оқу орындарының жастары.