АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ ІСІ АЙРЫҚША БАСЫМДЫҚҚА ИЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту мәселесіне маңыз беріп, басты бағыт етіп ұсынған болатын. Осыған орай білім беру нысандарын дамыту мақсатында соңғы бес жылда Шымкентте 48 810 орындық 105 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80%-ы жеке инвестор есебінен салынған. Нәтижесінде үшауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-тен 3-ке азайды.
Ал биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үшауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделіп отыр. Сонымен қатар 134 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен, 54 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтылды. «Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орынды 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның біреуі биыл пайдалануға беріледі. Одан басқа, 750 орынды 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда» деді Астанада өткен Орталық коммуникациялар қызметі арнайы баспасөз мәслихатында «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөнінде жасаған баяндамасында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Сонымен бірге денсаулық сақтау саласындағы басты мақсат – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен қолжетімділікті арттыру. Бұл да соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен жарақтандыруға 19 млрд теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Бүгінгі күні саладағы жан басына қаржыландыру жүйесі оң нәтиже беруде. Соңғы 4 жылда 12 жеке емхана ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды. Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ашылған ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысын анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылды. Сонымен қатар 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана және жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысы және 6 медициналық орталық ашуды жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, ел Президенті бұқаралық және балалар спортын дамыту стратегиялық басымдық екенін айтқан болатын. Шымкентте бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірнеше жоба іске асырылып келеді. Әсіресе, осыдан 3 жыл бұрын республикада алғаш болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жоба басталған болатын. Жыл сайын оқушылардың аталған бастамаға қызығушылығы артып, лига ауқымы артуда. Биыл 151 мектептен 500-ден астам командалар жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром» құрылысы, «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. «Сонымен қатар ағымдағы жылдың соңына дейін бюджет есебінен ауысымына 250 баланы қабылдайтын 2 спорт ғимараты және жеке кәсіпкер есебінен «SPORT LIFE» футбол орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады» деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Биылғы жылы спорттық үйірмелерді жан басына шаққанда қаржыландыру арқылы 19 мыңнан астам бала қамтамасыз етілді.