МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ІСТЕР АТҚАРЫЛУДА

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлік хабты құру жұмыстары басталды. Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы өткен баспасөз мәслихатында «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөнінде жасаған баяндамасында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.

Қала басшысының сөзінше, үшінші мегаполистегі жаңа индустриялық аймақта инвестициялық құны 147 млрд теңгені құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын басталып кетті. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде. Сонымен бірге ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында, аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, 21 жобаға 23 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сауда-логистикалық орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік хабты құру бойынша жұмыстар басталды. Жобаны іске асыру мерзімі — 2023-2027 жылдар. Аталған аймақта 47 млрд теңгеге 23 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, аумағы 119 гектарды құрайтын жаңадан «Стандарт» жеке индустриялық аймағы құрылып жатыр. Бұл жерде 30 млрд теңге инвестиция тартылып жатыр. 150 жобаны іске асырылса, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.