ҰН ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ҮШТЕН БІРІ ҒАНА ҚАЛДЫ

мәселені шешудің жолы қандай?

Осыдан оншақты жыл бұрын Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде, оның ішінде Орталық Азияда алдыңғы қатарда болатын. Дегенмен соңғы уақыттағы статистикалық көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Қандай мәселе бар? Нені ескеру керек? Жуырда Сенатта аталған мәселе көтерілді. Тарқатайық…

Нақтырағы, Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев астық өңдеу саласындағы өзекті мәселелер турасында тарқатты. Оның айтуынша, астық өңдеу саласында ұн тартуға басты рөл берілген. Сонымен қатар кейінгі уақытта бұл салада үлкен проблемалар байқалып отыр, яғни оның дамуына қауіп төнді. Егер 15 жыл бұрын Қазақстан 270 кәсіпорын арқылы өндірілген ұн көлемі бойынша әлемде көшбасшы болса, қазір олардың үштен бірі ғана жұмыс істеп тұр.
Аталған мәселенің басты себебі – күшті бәсекелестік. Бұл жайында сенат депутаты «Осындай жағдайда біз екі шешімнің бірін қабылдауымыз керек, яғни халықаралық нарықтағы позициямызды қалпына келтіру немесе астықты тереңірек өңдеуге көшу қажет. Астық өңдеудің бірінші кезеңінде біз жарма, ұн және басқа да өнімді аламыз, мұны көптеген өңдеуші іске асырып келеді. Атап айтқанда, біздің өндірушілерді астықты тереңірек өңдеуге ынталандыру қажет. Осы орайда витаминдер, тағамдық қоспалар және өзге де өнімдерді өңдеуге болады» деп атап өтті. Айта кету керек, елімізде ұн өндірісіне қажет шикізат жеткілікті. Әйткенмен ала шапанды ағайынның ұн өндірісін дамытуы біздегі кәсіпорындардың жұмысына үлкен тосқауыл болып отыр. Сондықтан бұл бағытқа айрықша көңіл бөлінуі қажет.

Ж.БАЛАУСА.