ПАРАДОКС: АҚШАНЫ КӨБІРЕК ИГЕРГЕН САЙЫН ӨНІМДІ АЗЫРАҚ АЛЫП ОТЫРМЫЗ
Қалың бұқараны дүрбелеңге салған қант мәселесі әлі де шешімін таппады. Жыл өткен сайын қолдаудың көлемі артқанымен, өнім өндіру ісі азайып келеді. Бұл жолы Мәжілістегі Үкімет сағатында аталған мәселені Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев көтерді.
Нақтырағы «Министр өз баяндамасында жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу саласында 93 млрд-тан астам теңгеге 30 жоба іске асатынын атап өтті. Алайда бүгінгі таңда қосылған құны жоғары өнімнің үлесі — сала бойынша 1,5% ғана. Бұдан төмен қайда барамыз? Қант бойынша да жағдай өте күрделі. Республика дайын өнімнен де, шикізаттан да импортқа толықтай дерлік тәуелді. Отандық өндіріс үлесі 10%-ға да жетпейді. Слайдта көрсетілгендей, қант бағасы соңғы 4 жылда 213 теңгеден 442 теңгеге дейін өсіп, екі еседен аса қымбаттады» дейді Мәжіліс депутаты. Оның дерегі бойынша Үкіметтің қант саласын дамытуға арналған кешенді жоспары 495 млрд теңгені қажет етеді.
Дегенмен мәселе ақшаға тіреліп тұрған жоқ сыңайлы. Өйткені былтыр 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілген. Биыл 14,1 млрд теңге қарастырылып отыр. Әйткенмен осындай қомақты қолдауға қарамастан, салада серпін байқалмайды. Мәселен, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9%-ы ғана қамтамасыз етілген болса, 2021 жылы — 7%-ға, ал 2022 жылы — 6%-ға дейін төмендеді. Яғни ақша көбірек игерілгенімен, өнімді азырақ алып отырмыз. Мұның өзі аталған салада түйткілдердің түйінін тарқатудағы Үкіметтің бастамалары нәтижесіз екенін көрсетеді.
С.НҰРАЙ