ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР 5 АЙДА ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫНА 100 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАҒАН
Қазіргі таңдағы қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – құмар ойынына деген тәуелділік. Жиған-тергенін бәске тігіп, ол аз болса, туыс пен таныстан қарызға ақша алып, оны да ұтылып жатқандардың қарасы қалың. Осының салдарынан қаншама отбасының шаңырағы шайқалды. Ақша табу мақсатымен қылмысқа барушылардың да қатары артып келеді. Статистикаға сүйенсек, жағдай тіпті ауыр…
Өткен аптада елорда әкімдігінде өткен «Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тұжырымдамасы аясында Астанадағы мәселелер картасын таныстырған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов лудомания мәселесін көтерген болатын. Өз сөзінде «Ұлттық статистикаға сәйкес, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр құмар ойындар мен бәс тігу қызметтерінің көлемі 40 есеге өсті. Соңғы 2 жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, қазақстандықтар ең көп жұмсайтын жетекші орынға ие болды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана халықтың шығыны 100 млрд теңгеден асты. Бұл кітапханалар мен мұражайларға қарағанда 70 есе, шығармашылық пен өнерге қарағанда 50 есе, IT қызметтеріне қарағанда 5 есе және жылжымайтын мүлік операцияларына қарағанда 2 есе көп» деді Марат Ахметжанов.
Министр қазір бұл бағыттағы жарнама кез келген онлайн-платформада қолжетімді екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде мәселенің кең өріс алуына себеп болып отыр. «Бүгінде ешкім лудомания мәселесімен айналыспайды. Салық органдары тек салық төлетуге мүдделі. Жергілікті атқарушы органдарға бюджетке түсетін түсімдер маңызды. Кәсіпкерлер кірісті «қуады». Нәтижесінде халық зардап шегеді, азаматтар мүліктерін салып, несие алады. Артынан ажырасады, жұмысынан айырылады, қылмысқа барады, өмірмен есеп айырысады» деп мәселе көтерді ведомство басшысы. Аталған проблемаларды шешу үшін министр озық халықаралық тәжірибені негізге алуды ұсынды. Марат Ахметжанов мұндай жаңашылдықтарды бірінші кезекте елордаға енгізу керек деп есептейді.
С.НҰРАЙ.