ЖАҚЫН АРАДА 3 КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Еліміздегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруда ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру айрықша маңызға ие. Дегенмен аграрлық саланың мәселелері аз емес. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында былай деген болатын «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет». Ел президентінің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өңірлерде бірқатар маңызды бастамалар қолға алынуда. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкентте жүзеге асқан және алдағы уақытта қолға алынатын жобалар көп. Тарқатайық…
Қазіргі таңда Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 45-тен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру мақсатында биыл тағы 3 сүтті қайта өңдейтін кәсіпорын іске қосылмақ. Қазіргі таңда сүтті қайта өңдеп, қатты ірімшік пен сары май өндіруші 6 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, олардың жыл сайын қуаттылығы артып келеді.
Шымкент қаласының Қайнарбұлақ тұрғын алабында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жалпы ауданы 132 га-ны құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылып жатқан индустриялық аймақтың биыл инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін салу жұмыстары аяқталады. Бұдан бөлек, шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектелерімен келісімшарттар түзіліп, 100-ден астам сауда орындарында бірінші қажетті тауарлар белгіленген бағада сатылып жатыр. Биыл әлеуметтік сауда орындарының санын ұлғайту жоспарланған.
Сонымен қатар қант, ұн, жұмыртқа, нан және ет (сиыр еті, тауық еті) өнімдерін өндіретін тауар өндірушілермен айналым бағыты бойынша келісімшарттар түзілген. Көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақты ұстап тұру мақсатында, егістік алқаптары бар шаруа қожалықтарымен баға өсімінің алдын алу бойынша форвардтық келісімшарттар түзілді. Сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілердің және шаруа қожалықтардың қатысуымен апта сайын қаланың 8 жерінде жәрмеңкелер ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15% төмен бағада сатылуда.
Бүгінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында сауда желілерімен өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды. Жалпы қала аумағында азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, баға тұрақты бақылауда.