ЖАҢА БАСТАМА МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Елімізде денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Салаға реформа жүргізілгені де белгілі. Қала берді, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Жолдауында денсаулық сақтау ісіне көңіл бөлу жалғасатынын айтты.

Сонымен қатар «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн» деп, тиісті сала басшылары мен жергілікті әкімдіктерге тапсырма жүктеген болатын.
Бүгінде өңірлерде бірқатар игі бастамалар қолға алынуда. Мәселен, үшінші мегаполисте медициналық ұйымдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлемдік озық практикасы енгізіледі. Бұл бойынша қаладағы 4 медициналық ұйымның бас дәрігері сәуір-мамыр айларында оқудан өткен. Өткен аптада аталған тәжірибені қолдану бойынша шаһардағы №6 емханада 3 күндік семинар өтті. Оған «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы келді.
Өз кезегінде, қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев, бірқатар дәрігер-профессорлар шаһардағы №1, 3, 6, 7 емханаларды аралап, дайындығын бақылады. «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы жобаның маңызы турасындағы ойын былайша тарқатты «Жобаның мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, науқастарға сапалы және жедел көмек көрсету, озық инновациялық технологияларды пайдалану, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл жобада пациент және оның отбасының қажеттіліктері төңірегінде барлық медициналық қызметтерді біріктіріліп, көрсетіледі. Европаның 53 мемлекетінде модельді платформа болып жарияланған бұл жобаның берері көп. Жоба аясында халықтың да медициналық білімі артпақ. Бүгінгі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету стандарты әзірленді. Стандартта халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған «Адам – Бағдарланған тәсіл» МСАК озық тәжірибелерін енгізу, ерлер денсаулығы, салауатты тамақтану, денсаулық мектептері, балаға мейірімді қарым-қатынас, ақыл-ой денсаулығы енгізілген».