ЕЛІМІЗДЕГІ ОРТАША ЖАЛАҚЫ – 340 МЫҢ ТЕҢГЕ
Қазақстанда миллиондап жалақы алатындар да,
70 мың теңгеге күнелтетіндер де бар
Еліміздегі ең жоғары және ең төмен жалақының арасындағы айырмашылық аса үлкен. Мәселен, жоғары жалақының мөлшері миллиондаған теңге болса, төменгі жалақының көлемі 70 мың теңгеден де аз болуы мүмкін. Өткен аптада Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов Мәжіліс кулуарында журналистерге еңбекақы статистикасы қалай жүргізілетінін түсіндірген болатын.
Оның айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша орташа айлық көлемі 340 мың теңге болды. Айлықтың диапазоны өте кең. 70 мың, тіпті одан да аз алатындар бар. Олардың үлесі – 5-6 пайыз. Аса жоғары деңгейде айлық алатын санат бар. 1-2 млн теңге немесе одан да көп алады. Ең жоғары айлық алатын 5 пайызды айтсақ, олар 560 мың теңгеден жоғары табады.
Бюро басшысы елдегі медианалық және модальдық айлықтың мөлшерін атады. «Медианалық айлықты да өлшейміз. Медианалық дегеніміз жұмыс істейтін халықты табысына байланысты теңдей екіге бөледі. Бұл шама бізде бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша – 225 мың теңге болды. Яғни орташа айлық медианалық айлық көлемінен өзгеше болуы мүмкін. Үшінші өлшем – модальдық айлық. Бұл елдегі ең жиі кездесетін айлық деген сөз. Оны біз жылына бір рет қана жариялаймыз. Мысалы, былтыр оның мөлшері 68 мың теңге болған. Яғни мен депутаттардың статистика өтірік сөйлейді деген пікірмен келіспеймін» деді Жандос Шаймарданов.
Ж.БАЛАУСА.