ҚАЗАҚСТАНДА 600 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ АУЫЗ СУҒА ЗӘРУ

ауылдағы ағайынның өзекті мәселесі қашан шешімін табады?

Ауылдағы ағайынның ахуалын жақсарту үшін мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп келеді. Жасыратыны жоқ, жұмыстың жоқтығынан шалғайдағы елді мекендерде қоныстанған әлеумет қалаға көшуді жиілеткен. Ауыл тіршілігін қаладағы қарбаласқа алмастырудың себебі мұнымен шектелмейді. Жол сапасыз. Көгілдір отын тартылмаған. Интернет сапасы нашар. Ауыз су тапшылығы тағы бар. Қош делік, бүгінгі материалымызда шалғайдағы жұртты әбігерге салған ауыз су мәселесі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сүйенсек, елімізде орталық сумен қамтамасыз ету деңгейі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 96,8%-ды құрады. Қалған 3,2 пайызы сапалы суға жарымай отыр. Бір қарағанда, үлкен көрсеткіш емес. Әйткенмен бұл санның артында 600 мың адам тұр. Яғни осыншама тұрғын су құбырына қосылмаған. Әйткенмен соңғы бес жылда халықты сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз ету деңгейі айтарлықтай өсті. Су мәселесіне бас қатырмайтын қала тұрғындарының үлесі 2017 жылғы 90%-дан 2022 жылы 98,4%-ға дейін өсті. Ауыл тұрғындары арасында, ресми деректерге сүйенсек, динамика күшті — 55%-дан 94,5%-ға дейін. Еnergyprom.kz мәліметіне сүйенсек, цифрландырудың, криптоиндустрияның және Big Data-ның қазіргі дамыған кезінде суды тасып ішетін елді мекендер саны көп. Нақтырақ айтсақ, әрбір төртінші қазақ ауылы 100% сумен қамтылмаған. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, былтыр 6,3 мың ауылдың 4,9 мыңында ғана бұл мәселе толық шешілген. Бұл жалпы ауылдардың 77,8%-ы ғана.
Десе де Үкімет 2025 жылға қарай ауқымды мәселенің шешімі табылатынын жиі айтады. Қазіргі көрсеткіштерге қарасақ, оның жүзеге аса қоюы екіталай. Тарқатар болсақ, белгіленген мерзімге небәрі бір жарым жыл қалды. Ал сусыз отырған ауылдардың саны әлі де өте көп — шамамен 1,4 мың. 2023 жылы су құбыры мен кәріз жүйесін салуға және қалпына келтіруге бюджеттен 280 млрд теңге бөлінетіні белгілі. Бұл қаражаттың 59,6%-ы қалалардағы жобаларға, қалған аз бөлігі ауылдарды сумен қамтуға бөлінген. Ауылды былай қойғанда, қаладағы жағдай да көңіл көншітпейді. Мәселен, еліміздегі 89 қаланың 64-інде ғана тұрғындар толық сумен қамтылған. Қалған 25 қалада сумен қамтылмаған тұрғындар бар. Бұл шағын моноқалаларға ғана емес, мегаполистерге де қатысты. Елдегі үш мегаполистің ешқайсысында халық орталық сумен 100% қамтылмаған. Шымкентте бұл көрсеткіш 98,5%, Алматыда 99%, Астанада 98,9% шамасында.
Ұлттық статистика бюросы мамандары жүргізген Қазақстандағы үй шаруашылықтарының іріктемелік зерттеулеріне сүйенсек, қалаларда тұратын отбасылардың 98,3%-ы сумен қамтылған. Бірақ ауылдарда бұл көрсеткіштер әлдеқайда аз. Яғни үй шаруашылықтарының 57,9%-ы ғана орталық сумен қамтылған. Азаматтардың жауаптарына сүйенсек, отбасылардың 29,1%-ы арбамен су сорғыларына баруға мәжбүр болса, тағы 4,2%-ы сырттан әкелінетін суды пайдаланады, тағы 0,2%-ы бұлақтардан немесе өзендерден тасиды. Қазақстандағы сумен қамту секторы — жерасты көздерін барлау мен магистральдық су құбырларын салудан бастап есептегіштерді орнатуға және желілердің тозуына қарсы күреске дейінгі бірнеше шығынды кезеңдерді қамтитын көп сатылы жүйе. Осы қадамдардың әрқайсысының дерлік қазіргі уақытта өз проблемалары бар. Еліміздің жаңа Су кодексінің жобасын қоғамдық талқылау барысында сарапшылар әртүрлі деңгейдегі бірнеше мемлекеттік органдар арасында сумен қамту бойынша міндеттер мен жауапкершіліктерді бөлу негізгі бюрократиялық мәселе екенін атап өтті. Мысалы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті геологиялық барлауға жауапты, Су ресурстары комитеті магистральдық су құбырларының негізгі инфрақұрылымының жай-күйіне жауапты, бірақ қалалар мен ауылдардағы желілерді жобалау және салу — жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі. Ал бұл жұмыстарды әр өңір кідіріссіз атқара бермейді. Бұл туралы үкіметтің соңғы отырысының бірінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.
Су шаруашылығының басқа да аса маңызды проблемаларының қатарында магистральдық және қалалық су құбырларының тозуы бар. Соңғы деректерге сүйенсек, республика бойынша сумен жабдықтау желілерінің жалпы тозуы – 43%. Дегенмен бұл көрсеткіш барлық өңірлерде бірдей емес. Сумен қамту инфрақұрылымы ең жоғары тозған өңірлер қатарына 58 пайызбен Алматы, 54 пайызбен Шығыс Қазақстан, 52 пайызбен Ақмола және 51 пайызбен Абай облыстары, сондай-ақ 57 пайызбен Алматы қаласы кіреді. Су құбырларының тозу деңгейі ең төмен өңір — Атырау облысы. Ондағы көрсеткіш – 29 пайыз.
Қорыта айтқанда, Үкіметтің жоспары мен шынайы өмірдегі ахуалдың ара-жігі алшақ. Ауыз су мәселесіне келгенде, шалғайдағы ауылдарды былай қойғанда, қаладағы жағдайдың өзі көңіл көншітпейді. Ғайыптан тайып, жауапты сала басшылары жұмысын жандандырса, межелі кезеңде қалаған көрсеткішке қол жеткізіп қалуымыз мүмкін. Әйткенмен анығын уақыттың еншісіне қалдырғанымыз жөн…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.