ШЫМКЕНТТІК АЗАМАТ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ҮЛЕС ҚОСУДА
Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөлшегіне айналуы тиіс. Еңбек идеясы – азаматтық құлшынысты арттырып, қоғамды топтастырушы, идеялық-бағдарлық ұйыстырушыға айнала алады. Қоғамның барлық тобына тән еңбек идеясы адамдарды әлеуметтік мәртебесіне бөліп қарамастан барлығын толық қамтитын әлеуетке ие.
Жалпы кез келген қоғамды еңбек адамы өрге сүйрейді. Сондықтан өзі қызмет ететін саласында сілкініс тудырып, тың бастаманы қолға алып, ісін иіріп әкете алған азаматтарды қолдауымыз шарт. Ондай азаматтар Шымкентте аз емес. Мәселен, жеке кәсіпкер Равшан Махамадов бүгінде қолдан су тоғанын құрып, балық асырауды жолға қойған. Бүгінде жасанды көлге балық шабақтарын жіберіп, алғашқы тәжірибелік жұмыстарын жүргізуде. Кәсіпкер мемлекеттік қолдау арқылы шаруашылығын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Оңтүстік халқы үшін, оның ішінде шымкенттіктерге таңсық болған жаңа кәсіптің қыр-сырымен қала әкімі Мұрат Әйтенов те танысып қайтты. Нақтырағы, шаһар басшысы Маятас елді мекеніндегі «Бадам» су қоймасының жанынан құрылған «Айнакөл 2020» ауыл шаруашылығы кооперативінің балық шаруашылығында болды. Қазіргі таңда су тоғанының жанындағы жасанды көлге 50 мыңнан аса балық шабақтары жіберілген. Көлдің аумағы 5,5 гектарды құрайды. Кооператив басшысы Дильдахан Ахметов үкімет қолдауларын ұтымды пайдаланып, қалада балық өндірісін дамытуды көздейді. Болашақта балық шаруашылығының дамуы қарқын алса, жаңа жұмыс орындарының құрылары айтпаса да белгілі. Өз кезегінде, өңірде атқарылып жатқан жұмыс қарқынын бақылаған қала басшысы жауаптыларға ауыл шаруашылығы өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етуде, экпорт көлемін арттыруда нақты тапсырмалар жүктеді.