ЕЛІМІЗДЕГІ ЖОЛ САПАСЫ НЕЛІКТЕН СЫН КӨТЕРМЕЙДІ?

Елімізде жол сапасына қатысты сын жиі айтылады. Жаңадан салынған жолдардың көпке шыдамай, үгітіліп жатқан бейнежазбалары да жиі тарайды. Мұның себебін сала мамандары түрліше түсіндіретіні тағы бар. Бірі жолдың суық мезгілде салынғанын алға тартса, енді бірі қажет материалдардың сапасы сын көтермейтінін айтады. Жуырда аталған мәселе тағы да қозғалды. Тарқатайық…

Жоғары аудиторлық палата өкілдері көлік инфрақұрылымын дамытудың бюджеттік инвестициялық жобаларына бөлінген қаражатты игерудегі жүйелі кемшіліктерді атады. Нақтырағы «Нарықтың отандық жол-құрылыс материалдарымен жеткіліксіз толықтырылуы, битумның сапасының нашар болуы және жолдарды салу мен жөндеудің өзіндік құнына әсер ететін жүк вагондарының жетіспеушілігі бар. Мысалы, 2021 жылы Ұлттық сапа орталығы жол битумының 1400-ден астам сынамасын зерттеген. Оның 300-і сапасы бойынша нормативтердің талаптарына сәйкес келмейді» делінген палатаның ақпаратында.
Оның қатарында Павлодар мұнай-химия зауытының 183 сынамасы, Caspi Bitum-ның 108 сынамасы, «Қазақбитумның» 7 сынамасы бар. Міне осындай түйткілдердің салдарынан асфальт-бетон жабыны тез бұзылады, қызмет көрсетудің кепілдік мерзімі қысқарады. Бұл мәселе бұған дейін де жиі көтерілген болатын. Мәселенің себебін табумен істің бітпесі белгілі. Алдағы уақытта нақты қандай шаралар көрілері әзірге белгісіз. Қазынадан қыруар қаржы бөлінетін жол құрылысына бақылау күшеймесе, бюджет қаражатының желге ұшқаны-ұшқан.
С.НҰРАЙ.