АЛАЯҚТЫҚ ФАКТІСІ КӨБЕЙІП БАРАДЫ

интернет-жарнама заңдастырылуы мүмкін

Бүгінде алаяқтықтың түрлі тәсілі бар. Заманауи технология адамзат өміріне дендеп енуімен, аталған қылмыс түрі көбейіп барады. Мәселен, 2022 жылдың басынан бері алаяқтықпен байланысты 17,5 мың қылмыс тіркелген. Алдаудың ең көп тараған тәсілі — онлайн-сауда.

Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған «Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» Заң жобасына қосымша консультативтік құжатында жазылған. «2022 жылдың басынан бастап алаяқтықпен байланысты 17,5 мың қылмыс тіркелді. Ал алдаудың ең көп тараған тәсілі әлі де онлайн-сауда болып отыр. Сондықтан интернет-жарнаманы заңдастыру онлайн кеңістіктегі алаяқтық мәселесімен тығыз байланысты. Бұл шаралар біріктіріліп, алаяқтармен күресті тиімдірек етеді және сонымен бірге жарнама нарығының ашықтығын арттырады» делінген консультативтік құжатта.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Талдау және ақпарат орталығы» жүргізген мониторинг нәтижесінде былтыр онлайн-платформалардан мына құқық бұзушылықтар анықталып отыр. Олар – азаматтардың дербес деректерін заңсыз тарату бойынша 100 факті, суицидті насихаттайтын ақпаратты тарату бойынша 88 факті, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпаратты тарату бойынша 147 факті және кәмелетке толмағанның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес немесе биометриялық деректерді, өзге де ақпаратты тарату бойынша 21 факті.

«Уақыт».