ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ МЕН БЕНЗИН ҚЫМБАТТАЙДЫ

бастама азық-түлік бағасын аспандатып жібермей ме?

Соңғы уақыттағы ең өзекті тақырыптың бірі – еліміздегі бензин мен дизель отынының қамбаттауы. Аталған тақырып қозғалғаннан бері қоғамда бірқатар өзгерістер орын алуда. Кей өңірлердегі жанармай құю бекеттері жұмысын тоқтатқан. Әлеумет мұның себеп-салдарын жіті түсінді деуге де толық негіз жоқ. Әрине, мұнай өндіруші елде жанар-жағармай бағасының қымбаттауы көптеген сауал тудыруы мүмкін. Қош делік, мұның себебінің не екенін, салдары қандай боларын салмақтап көрейік…

Әрине, мұнай өндіруші ел саналатын Қазақстанда жанар-жағармай бағасының өсуі мүмкін еместей көрінеді. Өйткені мұнай өңдеуші бір емес бірнеше зауыт жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықты қамту көрсеткіші де жоғары. Әйткенмен ахуал басқаша. Яғни бензин мен дизель отыны қымбаттамақ. Сөйтсек, мұның себебі басқада болып шықты. Яғни алып-сатарлардың кесірінен осындай шара қабылдауға тура келіп тұр. Тарқата айтқанда, арзан жанармайдың қызығын халық емес Қазақстаннан сатып алып, шетке сатып жатқан алып-сатарлар көруде. Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент кеңесшісі болып тағайындалған Болат Ақшолақовтың дерегіне сүйенсек, соңғы 5 жылда Қазақстанда бензин шығару көлемі 70%-ға немесе 3 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін, дизель отынын өндіру 30%-ға немесе 4 млн тоннадан 5,2 млн тоннаға дейін өскен. Тіпті, дизель отынын өндіруден рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Әйткенмен елде жанармайдың бұл түріне деген сұраныс тым жоғары. Тіпті кей өңірде оның тапшылығы да байқалған. Салдарынан бірқатар компаниялардың жұмысы тұралап, экономикалық өсуге ауқымды әсерін тигізген. Осы тұста бұрынғы министр дизель отынына деген сұраныстың өсуіне себеп болған негізгі фактор – транзиттік көлік ағыны, сонымен қатар Қазақстаннан шетелге сұр схема бойынша алып кетіп жатқан экспорт екенін алға тартады.
Өз сөзінде Болат Ақшолақов «Мамандардың есептеуінше, былтыр шетелдік транзиттік көлік тұтынған дизель отынының көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрады, ал сұр экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна. Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында. Мысалы, Ресейде дизель отынының бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ға қымбат. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есе қымбат, яғни литріне 480 теңге, бағамыздағы айырмашылық 101%» деп атап өтті. Аңғарғанымыз, көрші елдердегі жағдай еліміздегі нарыққа үлкен салмақ салып отыр. Ал бағаны өсірудің тиімді нәтиже берерін өткен жылдың соңына қарай орын алған солтүстік көршіміздегі жағдайдан айқын аңғардық. Яғни 2022 жылдың аяғына таман Ресейде дизель отынының бөлшек саудадағы бағасы арзандап, еліміздегі бағамен теңесті. Міне, сол уақытта солтүстіктегі шекара маңындағы аймақтардағы тапшылық жойылып, жағдай қалыпқа түскен. Ал енді жақын болашақта Ресейдегі баға қайта шарықтаса, тапшылық еселеп артпақ. Экс-министрдің айтуынша, көрші елдердегі баға көтерілген кезде, біз дизель отынын өндіру көлемін арттырғанымызбен, күз айларында бәрібір тапшы болып отыр. Биыл да көрші елдермен арадағы баға айырмашылығы сақталған. Нәтижесінде өткен жылғы наурыз айымен салыстырғанда тұтыну көлемі 15%-ға артып шыға келген. Бұл жағдай сақтала берсе, онсыз да шетел асып отырған қазақстандық дизель отынының көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке тап болуымыз бек мүмкін.
Бұған дейін жанармайды шетке шығаруға тыйым салатын бірқатар шаралар қабылданған еді. Мәселен, жанармайды теміржол немесе көлікпен әкетуге тыйым салынды. Ресурс иелеріне жанармайды тікелей жанармай станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды. Мұнай жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Бұл ішкі нарықтағы ахуалды біршама тұрақтандырғанымен де, мәселені толық шеше алған жоқ. Сондықтан баға айырмасын азайту жөнінде шешім қабылданып отыр. Әйтпесе Қазақстан экономикасына ауқымды соққы боп тимек. Болат Ақшолақов бағаны көтерудің бірнеше себебін атап та өтті «Ағымдағы төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз, бұл – бір. Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешбір шектеудің біз күткендей нәтиже бермесі анық.Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция «көлеңкелі» нарықты дамытып, ұлттық экономикаға және мүддеге кері әсерін тигізеді. Төртіншіден, жанармайға төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр».
Міне, осы себепті де АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің литрін 182-187 теңгеден 205 теңгеге немесе 11 пайызға қымбаттату, дизель отынының литрін 295 теңгеге немесе орташа есеппен өсім 20 пайызға қымбаттату бастамасы көтеріліп отыр. Қош делік, бензин мен дизель бағасының қымбаттауы азық-түлік бағасына әсер етпей ме?
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринның ойынша, бастама азық-түлік бағасына айтарлықтай әсер етпейді. Нақтырағы «Ірі өндірушілердің біразы жанар-жағармай емес, газ пайдаланады. Ал газ қымбаттап жатқан жоқ. Қазір егін кезінде 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Былтыр 400 мың тонна болған. Ол бұрынғы бағамен беріліп жатыр. Қалааралық тасымалдағы жүк көліктері дизель отынымен жүреді. Тасымалданатын тауар жеңіл болса, бағасына қымбаттау әсер етеді, ауыр заттарға онша әсері болмайды. Ол пропорцияға байланысты. Мысалы, жұмыртқа мен тауық етінің құнында жанар-жағармайдың үлесі 2 пайыз ғана. Қантта — 5 пайыз. Себебі тасымалдау қымбаттайды. Күнбағыс майын алсақ, дизель отыны 25 пайызға қымбаттаса, күнбағыс майының құны 2,4 пайызға өседі. Мысалы, қазір ол 700 теңге тұрады деп есептесек, 14 теңгеге өседі» дейді ол. Министр тағы да жаттанды жауаптан әріге аса алған жоқ. Біздегі зерттеулердің шынайы өмірден әлдеқайда алшақ болатынын жауаптылар жақсы білуі керек еді. Бұдан бөлек, әлеумет дүрлігіп, базарға ағылса, бағаның қымбаттап шыға келетіні тағы бар. Кейде тіпті сатушының өзі бағаның неліктен қымбаттап жатқанын түсінбейтін сәттер де болады. Жанар-жағармайдың қызығын алып-сатарлар көреді дегенді алға тартып бағаны көтеруді қолға алдық. Ал енді базардағы азық-түліктің алып-сатарларын кім тексереді? Нақты іс, жүйелі жұмыс істелсе, бағаны негізсіз қымбаттатып жатқандар көп ұзамай-ақ ұсталушы еді-ау. Науқаншылдыққа салынып, бағаны бақылап қана отырумен мәселенің шешілмесі анық. Жауапты министрліктің есебі шынайы өмірмен қаншалықты сәйкес келерін уақыт көрсетеді. Ол күн де алыс емес…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.